Германиядан Қазақстанды аңсап қайтып оралған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Германиядан Қазақстанды аңсап қайтып оралған

01.03.2025

Туған жер, өскен өлкем мен үшін бәрінен де қымбат! Абай облысының Ерназар ауылында тұратын неміс ұлтының өкілі Ирина Тендыс осылай дейді. Ол 2006 жылы туыстарына ілесіп, тарихи отаны Германияның Ансберг қаласына қоныс аударған. Алайда Қазақстанға деген махаббаты мен сағынышы оны аз уақыттың ішінде өз мекеніне алып ұшқан.

Ирина Тендыстың ұлты неміс. Павлодар облысында туған. Бала кезінде отбасымен бірге Бесқарағай ауданындағы Ерназар ауылына көшкен. Есейіп ес білген соң, тарихи отаны Германияға кеткен көшпен ілесіп барыпты. Бірақ баруымнан қайтуым тез болды дейді.

Ирина Тендыс Ерназар ауылының тұрғыны:

Онда бәрі жақсы. Ұнады. Туыстарымның жанында болдым. Бірақ Қазақстанды аңсай бердім. Босай қалсам қазақша әуендерді қосып қоямын. Сөйтіп сағынышымды басатынмын. Шыдай алмай үш айдан соң қайтадан туған жеріме алып ұштым.

Өз ауылыма келген соң, сүйгенімді таптым. Алтындай-алтындай қызым мен ұлым өсіп келе жатыр. Жақындарым жанымда. Одан асқан бақыт бола ма?!

Жаннетта Утлякова, Ирина Тендыстың анасы:

Анам қазір Германияда тұрады. Елді аңсайды. Қайтқысы келіп еді. Денсаулығы жоқ. Сол себепті еріксіз тұрып жатыр. Анам бірде Германияда бір қазақты көріп қалыпты. Туғанымды көргендей құшақтап, бас салып, сүйіп-сүйіп алғым келді дейді. Қазақстанға деген сағынышын солай басқысы келген ғой.

Ирина Тендыс, Ерназар ауылының тұрғыны:

Германияға барғанда мен қарағайлы орманның дәл іргесінде тұрамын десем таң қалады. Жазда табиғаты тіпті әсем. Мұндай керемет жерді қиып басқа жаққа қалай кетуге болады. Осы мекенде өмір сүріп жатқаныма алғыс айтамын!


Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу