Ақтөбеде иттен қорыққан жеті жасар баланың жүрегі тоқтап қалды. Оқиға бүгін таңертең сағат 7 жарым шамасында болған.
Әкесінің айтуынша, бірінші сынып оқушысы мектепке бару үшін үйінен шыққан. Сол кезде оның үстіне неміс төбеті секірген. Қатты шошып кеткен бала бірден есінен танып, құлайды. Оны артынан келе жатқан анасы көрген. Алайда көмек беріп үлгермей қалған. Қимылсыз жатқан баланы үйге көтеріп кіргізіп, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер баланың кенеттен көз жұмғанын растады. Ал білім басқармасының өкілдері бұл жағдайға иттің еш қатысы жоқ деп отыр. Бұған дейін қалалық білім бөлімі оқушы өліміне жүгіріп шыққан төбеттің себепші болғанын мәлімдеген еді.
Бұлбұл Күзембаева, облыстық білім басқармасының басшысы:
Баланың ата-анасына, туыстарына қайғырып, көңіл айтамыз. Қазір әртүрлі қауесеттер таратылып жатыр. Мектеп болсын, білім бөлімі болсын, әртүрлі ақпараттарды тексермей, әлі қорытындысын күтпей, ақпарат берген. Сондықтан ол ақпаратты мен растай алмаймын.
Полиция Департаменті өкілдерінің айтуынша, баланың денесінде ешқандай жарақат жоқ. Қазір куәгерлерден жауап алынып, жақын маңдағы бейнебақылау камералары тексеріліп жатыр. Мектеп басшылығы баланың ата-анасы ажырасқанын айтты. Марқұм үйдің кенжесі екен. Бұған дейін оның денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған.
Марқұмның әкесі:
Үстіне секіріп жіберді мына жерде. Қорқып кетті, содан жүрегі жарылып кетті. Шындық сол. Көрдік көзімізбен. Иә, мамасы көрді артынан шығып келе жатқан. Апасы болды.
Жақсыбек Кемал
