Түркістан облысы Сауран ауданының тұрғыны Сұлтан Ерімбетов жүйрік баптап, тазы жүгіртеді. Айына екi-үш рет аңға шығады. Саятшылықты өзiне серiк еткен ол төбеттердің де тұқымын көбейтіп, аң алуға үйретеді. Бабасынан келе жатқан бекзат өнерді дәріптеп жүрген азамат жайлы Айнұр Әбілқасымқызының бейнематериалында.
Аңға шығар алдында Сұлтаның өзі ғана емес, тіпті жылқысы мен тазы, төбеттері де тықыршып кетеді. Саятшы аңға шыққанда қару асынбайды. Себебі тазылары аң аулағанда алдына қара салмайды. Олар жабайы аңның исін алты шақырымнан-ақ сезеді.
Сұлтан Ерімбетов, саятшы:
Менің тазыларым із кесіп, аңды бері қарап қуып келе жатса, қасымда тұрған тазылар оны қақпайлап тұрады. Қалай қарай беттеді? Алдымнан төмен қарай түсіп, күтіп тұрады. Ұстай алмаған жағдайда үреді, көмекке шақырады.
15 жылдан бері саятшылықты серік еткен кейіпкеріміз аңға әдетте күздің қара суығы мен қыс мезгілінде шығады. Жабайы аңдар мұндайда көбіне жартас, өзен су маңын паналайды. Одан әрі жүріп тау баурайына өтсе аңдардың да түр-түрі кездеседі. Көктем келіп, табиғат оянған шақта саятшылық та тоқтайды.
Ал үйге оралғанда саятшы жылқысын суытып, тазыларына тамақ береді. Иттері күнделікті таңертең 20, ал кешке 60 келі ас ауқат ішеді. Азығы - ұн мен ет. Оған тағы түрлі дәрумен қосады.
Сұлтан Ерімбетов, саятшы:
Базардағы қалдықты алып келіп беремін. Басты тазыларға теріні беремін. Тері ішіндегі құртын айдап шығады. Негізі дәріні көп пайдаланбаймын. Тек күшік кезінде ғана пайдаланамын.
Саятшы ең жақын серігіне айналған құмай тазылардың сыры көп екенін айтады. Тіпті олардың әрқайсысының өзіндік аң аулау тәсілі бар. Бірі белден жұлмалап, омыртқасын үзсе, енді бірі тірсегін қиып, алқымынан алып, демі біткенше жемтігін жібермейді. Ал үшінші түрі нағыз бетпе-бет келіп айқасады. Сондықтан суыққа да төзімді, жылдам, қайсар мінезді құмай тазылардың еңбегі адал.
Айнұр Әбілқасымқызы
