6 жасқа толған баланы балабақшадан шығарып тастауға тыйым салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

6 жасқа толған баланы балабақшадан шығарып тастауға тыйым салынады

26.02.2025

Қазақстандық оқушылар 6 млн теңгеге дейінгі бірреттік төлем ала алады. Ол үшін халықаралық ғылыми олимпиадаларда жеңімпаз атану керек. Бүгін Мәжілісте білім және мәдениет салаларына қатысты заңдарға енгізілуі мүмкін өзгерістер талқыланды. Құжатта балабақша, жоғары оқу орындарына қатысты да жаңашылдықтар бар. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы ретімен айтсын.

Елімізде мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы бар екені белгілі. Осыны желеу етіп, бүлдіршін 6 жасқа тола сала балабақшадан шығарып тастайтын деректер жиі кездеседі.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

6 жасқа толғанда, мысалы, 10 қаңтарда балабақшадан шығарылатын жағдай туындап жатады. Бала оқу жылының басына дейін, мектепке дейін дайындықсыз қалады. Сонымен қатар ата-анасының оны қалдыратын жері жоқ.

Енді шілде айының соңына дейін бүлдіршіндер балабақшадан шығарылмайды. Ал әлеуметтік мекемеге деп бөлінген жер телімінің басқа мақсатта пайдаланылуына тыйым салынбақ.

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің мемлекеттік балабақшалар осындай норманың жоқтығынан кім көрінгеннің қолында кеткені де белгілі. Үлкен-үлкен ыңғайлы жерде орналасқан балабақшалар қазір әлдекімдердің офисіне айналып кеткенін барлығыңыз жақсы білесіздер.

Ғылыми сайыстардың жеңімпаздары 6 млн теңге сыйақы алады

Терең білімімен әлемді мойындатқан дарындыларды мемлекет қаржылай қолдамақ. Халықаралық ғылыми додада топ жарған оқушы 6 млн теңгеге дейін, ал оны дайындаған ұстазы 500 мың теңгеге дейінгі сыйақы алады. Алайда ақша барлығына бірдей берілмейді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Түрлі сыбайлас жемқорлық болмауы үшін министрліктің тізімі болады. Ол тізімге кіру үшін нақты критерийлер бар. Ол әлемдегі ең беделді додалар болуы керек. Оны басқа көп мемлекет тануы керек. Онда адалдық принциптері сақталуы керек. 

Мектеп оқушыларына қосымша кәсіптік білім беріледі

10-11 сынып оқушылары үшін де жаңалық бар. Олар сабақтан бос уақытында колледждерге барып, кәсіптік білім ала алады. Бұл жоба міндеттелмейді, тек мүмкіндікке қарай ғана жүзеге асырылады. Ал оқушылардың мәдени танымын арттыру үшін «Ақылман» картасы әзірленбек. Оның иегерлері мұражайларға, театрларға тегін бара алады.

Университеттер білім сапасына қарай топтастырылады

Университеттерге қатысты өзгерістерге тоқталсақ. Қазіргі заң негізінде бакалавр дәрежесінде грантта оқығандар өз мамандығы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеуі керек. Енді мүгедек баласы бар жастар бұл міндеттен толық босатылып, магистратураға түскендерге оқуын толық аяқтағанша уақыт берілмек.

Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

Бүгінгі таңда мұндай норма бізде практикада бар. Білім туралы заңның 47 бабына сай мемлекеттік грант есебінен оқыған азаматтардың жұмыспен өтеу тәртібі осы жерде көрсетілген. Бұл дифиринсация түрінде қаралады. Қанша жыл оқыса, сонша жылға пара-пар еңбек өтілі есептеледі.

Жоғары оқуы орындары енді білім сапасына қарай топтастырылмақ. Рейтингі жақсы университеттер мемлекеттен көбірек қолдау алады. Ал төмендерінің жұмысын жетілдіру үшін жүйелі жұмыстар жүргізілмек.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Жалпы, бүгінгі заң жобасы бойынша әзірленген өзгертулерге қатысты дау көп болды. 100-ге жуық депутаттың 70-тен астамы ғана қолдап дауыс берді. Екеуі қарсы болды. Өзгесі қалыс қалды. Құжат екінші оқылымға әзірленгенге дейін де бірнеше талқылау болады. Әзірге бірінші оқылымда мақұлданды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу