Вашингтон мен Киев Украинаның табиғи ресурстарын бірлесіп игермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтон мен Киев Украинаның табиғи ресурстарын бірлесіп игермек

26.02.2025

Вашингтон мен Киев Украинаның табиғи ресурстарын бірлесіп игеру жөніндегі келісімге қол қоюға уағдаласты. Шикізатқа уран, литий, титан, графит қана емес, мұнай мен газ да кіреді. Бұған дейін Құрама Штаттар Украинаға қару бергені үшін одан 500 млрд доллардың байлығын сұраған еді. Бірақ оған президент Зеленский келіспеді.

Соңғы мәліметке қарағанда, Киевке осы жолы тиімді келісім жобасы ұсынылып, Америка бұрынғы қатаң талабынан бас тартқан. «Financial Times» газетінің хабарлауынша, жаңа құжатты Украинаның әділет, экономика және сыртқы істер министрліктері мақұлдады. Келісімге Вашингтонда қол қойылмақ. Сол үшін Зеленский жұма күні АҚШ-қа аттанады. Мұны президент Дональд Трамп та растап отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Мен мұны естідім. Ол жұма күні бізге келеді. Әрине қаласа келсін, мен қарсы емеспін. Менімен бірге келісімге қол қойғысы келеді. Түсінемін бұл үлкен келісім. Өте үлкен келісім. Америка халқы қуанатын болды. Себебі Байден елдің ақшасын оңды-солды шашты ғой.

Келісімге қол қойғаны үшін Украина АҚШ-тан не алады деген сұраққа Трамп «350 млрд доллар, көп әскери техника және соғысуға құқық алады» деп жауап берді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу