Ақтөбе облысында 2024 жылдың басынан бері мыңға жуық алаяқтық дерегі тіркелген. Полицейлердің айтуынша, кибералаяқтықтың алдын алуда банк қызметкерлерінің қырағы болғаны аса маңызды. Мәселен, бірнеше күн бұрын ғана Хромтау қаласының тұрғыны 3 жарым миллион теңгесін белгісіз біреулерге аудармақ болған. Банк қызметкері дер кезінде оның алдын алып, құқық қорғаушыларға хабарлап үлгерді.
Хромтаулық әйелге хабарласқан адам өзін ҰҚК өкілімін, деп таныстырған. Артынша зейнеткерлікке шығу үшін арнайы тексеріс жүріп жатқанын айтып, бастығы болып екіншісі қоңырау шалады. Осылайша сенімге кіріп, банктен несие алуға көндірген.
Хромтау қаласының тұрғыны:
Әйелімнің жағдайы түсініксіз болды. Гипноздалғанын түсіндім. Ол күні бойы банктерде жүрген. Екінші күні жұмысқа кетті деп ойладым. Сөйтсем тағы да алаяқтардың ықпалымен жүріп, несие алған. Дегенмен банк қызметкері жағдайды бағамдап, полицейлерге хабарлаған. Осылайша ақшаны аударып үлгермеді.
Бүгін Полиция департаменті банк қызметкерлеріне мұндай жағдайда не істеу керектігін түсіндірді. Ал қырағылық танытқан банк бөлімшесінің өкілі марапатталды. Ол әйелдің түріне қарап-ақ жағдайды бағамдап үлгерген.
Данагүл Мырзатаева, банк қызметкері:
Күдік қалай туды: бірінші клиенттің жағдайы және барлық аударымды «Алтын банкке» жасап жатты. Алаяқтарға жіберген, содан білеміз. Клиентке бұл ақшаны кімге аударып жатырсыз деп сұрақ қоямыз. Ол туысым дейді, бірақ телефон нөмірі сақталмаған.
Өкініштісі, үнемі мұндай жағдайлардың алдын алу мүмкін емес. Өйткені алаяқтар әртүрлі әдіс-тәсілді меңгерген.
Еркебұлан Қайназаров, Полиция департаменті киберпол бөлімшесінің бастығы:
ҰҚК-нен немесе басқа да құзырлы органдарданбыз деп хабарласып, психологиялық қысым жасап, ақшасын жымқырады. Инстаграм парақшаларында, «OLX» «Колесо» т.б. парақшаларда жарнамалар беріп, азаматтардың ақшасын жымқырады.
Кибералаяқтыққа қарсы бөлім мамандарының айтуынша, қазір күмәнді сілтемелерді ашудың өзі қауіпті. Тек соңғы екі ай ішінде Полиция департаментіне алаяқтыққа қатысты 160 іс тіркелген.
Жақсыбек Кемал
