Германияда Фридрих Мерц бастаған консерваторлар парламенттік сайлауда жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Германияда Фридрих Мерц бастаған консерваторлар парламенттік сайлауда жеңіске жетті

24.02.2025

Германияның жаңа канцлері болуы мүмкін Фридрих Мерц колациялық үкімет құруға әрекет жасай бастады. 69 жастағы консерватордың Христиан-демократиялық одағы мен Христиан-әлеуметтік одағы бірлесіп, кешегі өткен парламенттік сайлауда 28 пайыз дауыс жинап жеңіске жетті. Бұған дейін жасаған мәлімдемесінде Мерц Еуропаның бірлігін нығайтып, АҚШ-қа тәуелділігін біртіндеп азайтуға сөз берді. Оның алдында жағдайы нашарлаған экономикасы мен миграция үшін ауызбіршілігі әлсіреген елді басқару міндеті тұр. Оның үстіне қазір Құрама Штаттардың Еуропамен тайталасы күшейіп, Германия үшін қауіпсіздік те үлкен мәселеге айналып келеді.

Стефан Маршалл, саясаттанушы:

Қазір жаңа үкімет шешуі тиіс үш проблема бар. Біріншіден, миграция мәселесі. Ол Еуропа үшін ғана емес, Германия үшін де өзекті. Одан кейін Германия экономикасының ахуалы тұр. Үшіншіден, мүлде жаңа әлемдік тәртіпке жауап беру. Еуропалық әріптестерімізбен біріншіден Құрама Штаттардың сынын еңсеруге дайындалуымыз керек.

Кешегі сайлауда екінші орын әсіре оңшылдардың «Германия үшін балама» партиясына бұйырған. Оны электораттың 21 пайызға жуығы қолдады.

Канцлер Олаф Шольц бастаған социал-демократтар болса, бар-жоғы 16 жарым пайыз дауыспен үшінші орыннан көрінді. Болжамдарға қарағанда, Мерц коалцииялық кабинетті дәл осы Шольцтің партиясымен бірігіп үкімет құруы ғажап емес.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу