Ақтөбеде үш күнде 3 айлық мөлшердегі қар жауды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде үш күнде 3 айлық мөлшердегі қар жауды

24.02.2025

Ақтөбеде 3 күнде қардың 3 айлық мөлшері түсті. Салдарынан коммуналдық мекемелер күні-түні жұмыс істеуге көшкен. Алға ауданына қарасты Маржанбұлақ ауылының тұрғындары жол тазармағандықтан, үйінен шыға алмай қалды. Ауа райының тосын мінезі жолаушыларды да біраз әуреге салды.

Жақсыбек Кемал, тілші

Бұл көшенің тазартылмағанына біраз болған. Көліктер кіре алмайды. Амалы жоқтан тұрғындар 300 метрлік жалғызаяқ мына жолды өздері аршуға мәжбүр болған.

Соңғы 2-3 күннен бері Маржанбұлақ ауылының тұрғындарының қолынан күрек түскен жоқ. Көбі көлігін жол бойына тастап кеткен. Өйткені қалың қармен көлік түгілі жаяу адам әрең жүреді.

Мұхтар Мейірманов, ауыл тұрғыны:

10 жылдан бері тазаланбайды. Тазаланғанын көрген де жоқпыз. Ақшамызға жалдаймыз. Мынау көршім, төрт күннен бері шыға алмай, міне, екі күннен бері қарын тазалап жүр.

Тұрғындардың айтуынша, орталық көшелер ғана тазартылады. Ал ауылдың шетіндегі халық өздерін аралда қалғандай сезініп отыр. Мердігер мекеме қыс ортасында ауысқан. Жаңадан келгендері күндізгі 17:00-ден кейін және демалыс күндері жұмыс істемейді. Ал ауылда үлкенді-кішілі 72 көше бар.

Марат Жиделов, ауыл тұрғыны:

Жол аршылуы керек қой. Қардың мөлшері көп. Ел қатарлы өмір сүруіміз керек. Тек орталықты аша береді. Көшелер ашылуы керек.

Әкімдік өкілдері бірінші кезекте әлеуметтік нысандар орналасқан аумақтарға басымдық берілетінін айтты. Ал басқа көшелер кестеге сай тазартылуы тиіс. Қалың қар ауылдарды былай қойғанда, облыс орталығындағы коммуналдық мекемелерді де біраз әуреге салды.

Әділбек Ахмет, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

Екі ауысымда қызметкерлер өз жұмысын атқаруда. Қазіргі таңда 350 арнайы техника және 300-ден астам жұмысшы тазарту қызметтерін атқаруда.

Соңғы тәулікте ауа райының қолайсыздығынан республикалық және облыстық маңыздағы жолдарда 28 адам құтқарылып, 63-і эвакуацияланды. 35 автокөлік қар құрсауынан шығарылды. Байғанин, Темір, Хромтау және Қарғалы аудандарында далада қалған 3 малшы мен екі балықшы құтқарылды.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу