Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ауданындағы мемлекеттік мекемелер қаңтар айынан бастап жұмысты бір сағат ерте бастауға көшті. Осы уақыт кестесіне бүгіннен бастап Үлкен-Нарын мен Марқакөл аудандары да қосылды. Енді мемлекеттік мекемелер 08:00-ден 17:30-ға дейін жұмыс істейді. Түскі үзіліс 12:00-13:30 аралығында. 2024 жылы желтоқсан айында облыстағы түрлі департамент пен басқарма басшылары аудандарды аралап, көшпелі мәжіліс өткізгенде тұрғындар жұмысты бір сағат бұрын бастау туралы өтініш айтқан. Бастаманы атқарушы билік тұрғындармен талқылай келе оң шешім қабылдады. Ал жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл өзгеріс өңірдің табиғи жағдайларына байланысты да енгізілді. Бұл үш аудан елдің ең шығысында. Яғни таң ерте атып, қараңғы да тез түседі. Сондықтан тұрғындар күндізгі уақытты тиімді пайдаланатын болады. Қазір бұл үш ауданда 40 мекеме жаңа тәртіпке көшті.
Данияр Дүйсенбаев, Катонқарағай ауданының әкімі:
Халыққа тиімді жағы – біз мал шаруашылығымен айналысамыз. Екіншіден, кез келген үйдегі шаруа жағдайында кешке жақын 17:30-да шыққан кезде күннің жарық болуы, таңертеңгі ертерек барып, бала-шағасын өздеріне қолайлы кестеде оқуға апарып, жұмысына келуі ыңғайлы болды. Сондықтан осындай шешім қабылдадық. Жалпы ауданымыздың халқына тиімді болып саналды.
Ал мектеп, балабақша мен медициналық ұйымдарда өзгеріс аса байқалмайды. Өйткені бұл әлеуметтік нысындар бұрын да жұмысын таңғы сегізде бастайтын. Яғни енді басқа мемлекеттік мекемелердің жұмыс уақыты осы ұйымдармен теңесті.
Олжас Керейхан
