Атырау облысында биыл да су тасуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Атырау облысында биыл да су тасуы мүмкін

Атырау облысында биыл да су тасуы мүмкін

Биыл Атырау облысындағы Жылыой және Қызылқоға аудандарында су тасқыны қайталануы мүмкін. Мамандар гидрологиялық болжамдарға сәйкес Қызылқоғадағы Ойыл, Ноғайты, Сағыз және Жылыойдағы Жем өзендерінен қауіптеніп отыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қазір аймақта арналарды тереңдету, бөгет нығайту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Еске салсақ, өткен жылғы тасқында Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласының көп бөлігін су басып қалған еді. 3 мыңға жуық үй мен инфрақұрылымға тасқын су зардабы тиді. Енді жауаптылар биыл осы жағдай қайталанбас үшін дайындықты ерте бастаған. Өткен жылы Жемдегі су деңгейі 3,5 метрге дейін көтерілген. Осыған байланысты Жем өзені мен Құрсай каналы тереңдетіліп жатыр. Екеуін қоса алғанда 96 шақырым қазылуы тиіс. Қазір оның 82 шақырымы тереңдетіліп бітті. Бұдан бөлек аудандағы су басу қаупі жоғары аумаққа ұзындығы 65 шақырым бөгет салу жоспарланған. Қазір соның 30 шақырымға жуығы дайын. Ал Жемдегі түп тереңдету жұмыстары шаруа қожалықтарына қолайсыз боп тұр. Өйткені өзен жағасын көтергендіктен мал суаратын жер жоқ. Бұған қатысты әкімдіктің жауабы мынадай.

Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:

2025-тегі болжам бойынша 3 метр болуы мүмкін. Бірақ нақтысы уақыт жақындай келе белгілі болады. Сондықтан біз оларға түсіндірдік. Осы келе жатқан суды Ұлы Жемнің арнасымен түгелдей өткізуіміз керек. Содан кейін барып сіздердің қойып отырған уәждеріңізді тыңдап, мал суаратын жерлердің барлығына біз көмектесіп, ашып беруге дайынбыз.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Дәл осындай жұмыстар Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарында да жүріп жатыр. Тасқынға дайындықпен қатар өткен жылғы бүлінген жолдар мен инфрақұрылым қалпына келтірілуде. Үкіметтік резерв қаржысы мен жергілікті бюджет есебінен 30 шақырым жол мен 4 көпір жөнделді. Бұған қоса 13 мал өткелі салынып, бұрын су шайып кеткен 49 учаскеге су өткізу құбырлары салынуда.


Бөлісу