Германияда Фридрих Мерц басқаратын блок сайлауда жеңді
Германия Бундестагына өткен сайлауда «Христиан-демократиялық одағы» мен «Христиан-әлеуметтік одағы» партияларынан құралған блок жеңіске жетті. Сайлаушылардың 28,6 пайыз дауысын жинаған оңшыл центристік блокты Фридрих Мерц басқарады. Ал «Германия үшін балама» оңшыл популистік партиясы өз тарихында үздік нәтиже көрсетіп, екінші орынға жайғасты. Оны сайлаушылардың 20,8 пайызы қолдаған. Канцлер Олаф Шольцтің солшыл центристік Социал-демократиялық партиясы үшінші орында. Ол 16,4 пайыз дауыс жинап, ең нашар нәтижеге ие болды. Шольц сайлауда жеңілгенін мойындады. Дауыс беруге сайлаушылардың 84 пайызы қатысқан. Бұл - 1990 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жеңіске жеткен блоктың лидері Фридрих Мерц - канцлер лауазымына басты үміткер. Дегенмен Бундестагта жаңа канцлерге дауыс беру басқарушы коалиция құрылғаннан кейін ғана өтеді.
Арай Төлегенқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
