Шығыста ақпанның бірінен бастап барлық коммуналдық мекеме су тасқынына қарсы жоғарғы дайындыққа көшірілді. Өйткені өңірдегі таулы аудандарда қардың қалыңдығы өткен жылдардан бірнеше есе көп. Сондықтан әр аудандағы бөгеттер мен гидронысандарға қазірден бастап бақылау қойылды. Аймақта жалпы тасқынға тосқын жұмыстың қалай пысықталып жатқанын тілшіміз Олжас Керейхан білуге тырысты.
Жеменей өзені жағасына қоныстанған әр ауылдың іргесіне бөгет салынды. Өйткені күн райы күрт жылынса таудан аққан ағын су етектегі елге қауіп төндіреді. Ал Зайсандағы ауылдардың көбі жазықта. Сондықтан әр елдімекенде инертті материал қапталып, қайық пен су соратын құрылғы дайындалып жатыр.
Мереке Қабиолдаұлы, Қаратал ауылдық округінің әкімі:
Қазір шама келгенше тасқынға қарсы дайындық жұмысын жүргізіп жатырмыз. Ауылымызда шаруа қожалықтары, олардың техникалары бар. Солармен келісіп отырмыз. Тоң 40 сантиметр болып тұр. Қар қалың емес.
Қар қалың емес деп қарап отыруға болмайды. Биыл қарғын судың дайындығына аудан қазынасынан 50 млн теңге бөлініп, жанар-жағармай қоры мен қажетті құралдар алынған. Ал өткен жазда бөгеттер салынды.
Аслан Рамазанов, Зайсан ауданы әкімдігі ТЖБ бас маманы:
Аудан бойынша 9 елдімекенде жиырмадан астам дамбы бар. Былтырғы жылы ғана 6 бөгет күрделі жөндеуден өтіп, аяқталды. Биылғы жылы көктемгі тасқынан аман-есен өтсек, қалған 4 дамбыны жөндейміз деген ойдамыз. Қазір бәрі жақсы өтіп жатыр.
Қыс жақсы өтіп жатқанымен «Қазгидромет» орталығы наурызда шығыста тағы қалың қар жауады, деп болжап отыр.
Олжас Керейхан,тілші:
Қазір шығыста жазық даланың өзінде қардың қалыңдығы 1,5-2 метр болады. Енді күн жылынғанда ол еріп, қарғын су жолға жайылуы мүмкін. Сондықтан қыс бойы жиналған қарды мынадай арнайы техникамен ұшырып жол жиегін кеңітіп жатыр. Жалпы өңірде мұндай техникалар алғашқы қар жауғаннан бастап жолға шығады.
Егер қарғын су басу қаупі туындаса оны қайтаруға аймақта 2 511 маман, 935 техника 46 қайық 242 су сору құралы, 21 мыңнан астам адам уақытша паналайтын 182 орын дайындалды.
Өскеменде былтыр қыста 6-ақ сантиметр қар түссе, биыл 65 сантиметрге жеткен. Бүгінге дейін 120 мың текше метр қар шығарылды. Шаһар шетіндегі Шығыс кентінің іргесіндегі 4 шақырым арық тереңдетіліп жатыр.
Валерий Корчуганов, экскаватор жүргізушісі:
Мұз бен тоңды ою оңай емес. Мінеки өздеріңіз байқаған шығарсыздар, бір жерді қаншама рет айналып шықтым. Күні-түні тоқтамай жұмыс істейміз. Әр бұлақ пен өзен арнасының мұзын ойып жатырмыз.
Бұған дейін облыста су басуы мүмкін 80-ге жуық аумақ анықталды. Гидронысандар мен бөгеттер, өзен-көлдер әуеден бақыланады.
Олжас Керейхан
