Биыл Алматыда 20 шақырымдай веложол салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Алматыда 20 шақырымдай веложол салынады

21.02.2025

Биыл Алматыда 20 шақырымға жуық веложол салу жоспарланып отыр. Осылайша шаһар әкімдігі экологияға зиян келтірмейтін көлік түрлерінің инфрақұрылымын жан-жақты дамытпақ. Мұндай шаралар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Шаһарда велосипедшілер көбейген сайын жөндеу бекеттеріне де сұраныс артып келеді. Алматылық Жан Базарғали велосипедшілерге арнап қоғамдық орындарда арнайы құрылғы орнатқан. Онда қос дөңгелекті көліктің жеңіл ақауын жол-жөнекей қалыпқа келтіруге мүмкіндік бар.

Жан Базарғали, Алматы тұрғыны:

Веложолдарды жаяу адамға кедергі келтірмейтіндей етіп салу керек, бөлек. Өйткені бұл - ең алдымен қауіпсіздік. Мысалы, Торайғыров көшесі бар. Ол жерде веложол мен автожол мүлде бөлек салынған. Бұрынғы трамвай жолына салынған. Бір-біріне кедергі келтірмей салынса, жақсы болар еді.

Қазір қалада 25 шақырым веложолақ, 63 шақырым веложолдар бар. Биыл тағы да жаңа велосипед жолы салынып, Абай даңғылынан Саин көшесіне дейін, Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзартылады.

Асан Бостанов, қалалық Мобильдік басқарма басшысының орынбасары:

Шаһарда қазір 73 бағдаршам бар. 1025 жол белгісі велопайдаланушыларға қызмет көрсетуге бағдарланған. Сондай-ақ екі дөңгелекті көліктерге арналған бекеттерді, тұрақтарды көбейтуді жоспарлап отыр.

«Алматыда велоинфрақұрылымды жүйелі дамыту 2030 жылға дейін жалғасады», - дейді әкімдік өкілдері.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу