Елімізде психологиялық көмек туралы заң әзірленіп жатыр
Ал Астанада 5 жастағы баланың бетіне пышақ сұққан жасөсіпірім қоғамға қауіпті болмаған. Денсаулық сақтау вице-министрі осындай мәлімдеме жасады. Ержан Нұрлыбаевтың сөзінше, бала жақында ғана ем-дом алып шыққан. Емделу тиімділігін көрсеткен. Бүгін Мәжілісте ақыл-есінде ауытқуы бар жандардың мәселесі қаралды. Самал Қабышеваның бейнематериалы.
Асхат Аймағамбетов жақында Астанада лифтіде болған жағдайды айтып отыр. Біріншіден сол 5 жастағы баланың бетін пышақпен тілгілеп тастаған жасөсіпірмнің жағдайына тоқталсақ. Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың сөзінше, бала жақында ғана ем алып шыққан. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, жасөсіпірім қоғамға қауіпті болмаған.
Ержан Нұрлыбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
Оны оқшаулаудың қажеті болмады. Жасөспірім стационарда болғанда тағайындалған ем тиімділігін көрсетті. Бақыладық. Ешқандай күдік тудырмады. Ортаға бейімделетін жағдайда болды. Ал болған оқиғаға қатысты комиссия жұмыс істеп жатыр.
Депутат Ринат Заитов бұл жағдайға сананы улайтын ғаламтордағы дүниелер әсер етті деп санайды.
Ринат Заитов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ешкім 24 сағат баланың қасында болмайды. Баланың қасында телефоны болады, не телевизоры болады. Сол жерде. Сол жерде ойыны бар, басқасы бар. Түгелі осында. Әнеукүнгі бала, лифтіде неге істеді? Ол ойыннан көрген. Ол соны істеді. Ойыннан адам өлмейді. Соны істеп көрейін деді. Ал мына интернеттегі қоқыс шаш етектен. Осы мәселені шешіп алсақ.
Ал мектептердегі психолог мамандардың жетіспеушілігін оқу-ағарту вице-министрі жасырмады.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары:
Педагог-психологтардың мектептердегі саны қазіргі таңда 500 балаға 1 педагог-психологпен қамтамасыз ету мақсатында дамытылып жатыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жалпы, психиатрия, психология, психотерапевтердің жұмысын көп адам шатастырады. Тиісті мекемелердің ашықтығы. Бұл – өте үлкен мәселе. Бұл жабық мекемелер. Онда не болып жатыр? Қалай болып жатыр? Олардың жұмысы қандай? Кадр, материалдық-техникалық базасы сынды мәселелер ушығып тұрған сұрақтар.
Самал Қабышева, тілші:
Осы мәселенің барлығы ескеріліп, енді елімізде психологиялық көмек туралы заң жобасы қолға алынды. Құжатқа енуі тиіс дүниелерді депутаттар мен сала мамандары жарыса айтып, ұсынып жатыр. Ұсыныстың ішінде жоғары оқу орындарында психолог мамандарды оқытатын бағдарламаларды қайта қарау мәселесі де бар. Ал елімізде ақыл-есінде психикалық ауытқуы бар 200 мыңнан астам адам тіркеуде тұр.
Самал Қабышева
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
