Ақтөбе облысында оқушылар белгісіз тағамнан уланып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында оқушылар белгісіз тағамнан уланып қалды

20.02.2025

Ақтөбе облысында оқушылар белгісіз тағамнан уланып қалды. Оқиға Қобда ауылында болды. Бастауыш сыныпта оқитын қыз бала дүкеннен белгісіз тәтті өнімді сатып алып, оны мектепте сыныптастарымен бөлісіп жеген. Салдарынан балалардың денелері бөртіп, өздерін жайсыз сезіне бастаған. Олардың 9-ы улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Әріптесім Жақсыбек Кемал Қобда ауданына барып, дәрігерлермен және ата-аналармен тілдесті, оқушылардың жағдайын білді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Төртінші сынып оқушысы Қытай тағамын мектепке барар жолда, дәл осы дүкеннен алған. Қазір бұл нысанның есігі тарс жабық тұр. Аудан басшыларының айтуынша, тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

Евгения Вагнер, Қобда ауылының тұрғыны:

Қызым менен түске дейін дүкенге барып келейін деп сұранды. Бұрын ол өнім түрін сатып алмайтын. Бұл жолы 80 теңге тұратын осы кептірілген шаян таяқшасын алған. Қасындағылармен бөлісіп жеген.

Сыртында ас шаянының суреті салынған бұл өнімді сыныптағы жеті бала жеген. Мұғалімдердің айтуынша, өткір иіс бірден бөлмеге тарап, басқа балалар да шағым айта бастаған. Көбі өздерін әлсіз сезінген, денелерінде бөртпелер пайда болған.

Берік Дүйсенов, Қобыланды батыр атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы:

Тексеріс жасап, жедел жәрдем шақырдық. Олар келді, уколдарын берді, содан кейін балаларды ауруханаға алып кетті. Бүкіл классты алып кетті.

Дәрігерлер сыныптағы 23 баланың барлығын ауруханаға жатқызып, тексеріп шықты. Олардың төртеуін ата-анасы қолхатпен бірден үйлеріне алып кеткен. Он оқушы бір күннен соң жіберілген. Зиянды тағамды жеген жетеуінен бөлек иіс тиген тағы екі балаға улану диагнозы қойылды.

Әлия Пернебаева, Қобда аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Балалар инфекционисті мен лор маманын алдырттық. Тағы да қосымша қараттық. Зум желісі арқылы жиын жасалды. Облыстық деңгейдегі мамандардан кеңес алдық. Енді бүгінгі таңда тоғыз бала, оларға бак анализінің теріс мәні шықты.

Оқушы қыз сатып алған қытайлық тағам сараптамаға жіберілді. Төртінші сынып оқыған бөлме залалсыздандырылған, қазір мұнда сабақ өтіп жатқан жоқ.

Арман Қабылов, Қобда ауданы әкімінің орынбасары:

Аталған жағдайға аудандық әкімдік тарапынан алаңдаушылық танытудамыз. Қазіргі таңда дүкенге қатысты іс қозғалды. Полиция бөлімінде тіркелді.

Тексеру барысында өнімнің техникалық регламенттерге сай таңбалары болмағаны анықталды. Бұл тағам түрі облыстағы екі сауда нысанында болған.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қытай тағамынан уланған сыныптың оқушылары бүгін де түгелдей сабаққа келген жоқ. Ауруханада жатқандары үйлеріне жіберілді. Ал білім саласына жауаптылар ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу