Басты Жаңалықтар Трамп пен Зеленский бір-біріне қарсы қатаң мәлімдемелер жасады

Трамп пен Зеленский бір-біріне қарсы қатаң мәлімдемелер жасады

АҚШ пен Украина президенттері бір-біріне қарсы қатаң мәлімдемелер жасады. Осылайша, Киев пен Вашингтон қатынастары айтарлықтай нашарлап отыр. Трамп Зеленскийді не үшін айыптады, ал қарсы жақ Америка лидерінің сөзіне қалай жауап берді? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

АҚШ пен Украина қатынастары күрт нашарлап барады. Соңғы тәуліктің өзінде президент Дональд Трамп әріптесі Владимир Зеленскийді «сайланбаған диктатор», Байденнің басын айналдырып, Американы 350 млрд долларды соғысқа шығындауға көндірген» деп айыптады. Сонымен қатар, Американың 47-ші лидері ешқандай дәлел келтірместен, Зеленскийдің рейтингі 4 пайыздан аспайды деп жариялады. Бұл аздай, Трампқа сенсек, Украинадағы соғысты Ресей емес, Зеленскийдің өзі бастаған.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Зеленский АҚШ-тан 350 миллиард долларды ешқашан жеңе алмайтын соғысты бастау үшін алды. Ал Байден ешқашан тырысқан жоқ, Еуропа болса, бейбітшілік Украинаға бейбітшілік әкеле алмады. Бәлкім, Зеленский пайданың әрі қарай түсе бергенін қалаған шығар. Оның істеген істері адам шошырлық. Сөйте тұра, Зеленский сайлау өткізуден бас тартып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Ресей армиясы Украинаға 2022 жылы 24 ақпанда басып кірді. Соғысқа байланысты әскери жағдай режимі жалғасып жатқандықтан, бұл елде Конституция бойынша сайлау өткізуге тыйым салынған. Ал Киевтегі Халықаралық социология институты ақпанның 4 – 9 аралығында жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, Зеленскийді Украина халқының 4 пайызы емес, 57 пайызы қолдайды екен. Ал Американың берген көмегі Трамп айтқандай, 350 млрд емес, 90 млрд доллар сәл асады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Жалпы алғанда, АҚШ бізге 60 млрд доллардың қаруы мен 31,5 млрд доллар тікелей қаржылай көмек көрсетті. Әрине біз осынау гуманитарлық бағдарламалар үшін алғыс айтамыз. Бірақ біз сол жәрдемді 500 млрд доллардың минералдық ресурстарымен қайтара алмаймыз ғой.

Айта кетсек, екі президент араздаспас бұрын Зеленский елдің жерасты байлығының 50 пайызын Америкаға беруден бас тартты.

Бұған қоса, Вашингтонның Ресеймен бірігіп, Сауд Арабиясында Украина мәселесін Украинасыз талқылауы да Киев пен оның еуропалық одақтастарын қатты ашындырды.

Джон Хербст, Атлантикалық кеңестің Еуразия орталығының бас директоры:

Қараңызшы, Зеленский - қуаттырақ көршісінің қатыгез шабуылына ұшыраған елдің лидері. Сондықтан, соғысты тоқтату туралы нақты келіссөздер алғаш рет өтіп жатқанда үстел басында Украина өкілдерінің болмауы әрине кейбіреулердің шамына тиді. Мұны түсінуге болады.

Еуропа одағы лидерлері болса, осы аптада Парижде екі рет бас қосып, Украинаға көмекті күшейтуге уағдаласты. Бірақ нақты шешім қабылдаған жоқ.

Ресей президенті Владимир Путин де Трамп-Зеленский дауына қатысты мәлімдеме жасады. Оның ойынша, алдағы келіссөздерден Киевті ешкім аластатайын деп отырған жоқ. Ал сол кездесулер сәтті өтуі үшін АҚШ пен Ресей арасында өзара түсіністік деңгейін көтеру қажет.

Арыстан Рысбек

Бөлісу