Басты Жаңалықтар Ақтөбеде көрінген жерге заңсыз қойып тастаған дүңгіршектерді ала бастады

Ақтөбеде көрінген жерге заңсыз қойып тастаған дүңгіршектерді ала бастады

Ақтөбеде заңсыз сауда жасайтындар азаймай тұр. Облыс орталығына рұқсатсыз қойылған 200-ден аса дүңгіршек анықталған. Осы уақытқа дейін оның 130-ы алынды. Ал Ақтауда аялдаманың орнында бой көтерген құрылысқа қатысты шу шықты. Өйткені бұл нысанның салдарынан көпқабатты үйлерде тұратындардың кіріп-шығуы қиындаған. Ең сорақысы – бұл павильонның астынан орташа қысымды газ құбыры мен коммуникациялық желілері өтіп жатыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбеде қала сәулетін бұзып тұрған осындай 60-тан аса дүңгіршек бар. Олардың түгелге жуығы жұмыс істемейді. Кейбірі тіпті осылай саябақтардың ортасына қойылған. Яғни келушілерге де кедергі келтіреді.

Бұл дүңгіршектердің көбі жазда ғана жұмыс істейді. Жылдың көп бөлігінде осылай қаңырап тұрады. Сондықтан иелері жалға алу мерзімін созбай, жүріп алады. Бос тұрған сауда қатарларын алып тастау қажеттігін қала билігі ғана емес, тұрғындар да қоштап отыр.

Қанат Кәрімбаев, қала тұрғыны:

Істемей тұрғаны керек емес. Бостан босқа тұрғызып қойғанша жұмыс істейтін адамға берсін оны. Істеп тұрғаны, пайда әкелгені дұрыс емес пе?!

Бұл дүңгіршек орталық көшелердің біріне, жаяу жолға қойылған. Алайда қазір іші бос, есігі тарс жабық. Енді ол жүк көлігіне тиеліп, айып тұрағына қойылады. Тек жыл басынан бері осындай 20-ға жуық сауда орны алынып тасталды.

Шынболат Орынтай, қалалық сәулет бөлімі, урбанистика орталығы басшысының орынбасары:

Дүңгіршектердің ешқандай құжаттары жоқ. Сосын қасындағы кәсіпкерлерден оларға арыз-шағымдар түскен. Ал олар еш құжатсыз өздері қойып тастаған. Қазір айып тұрағына апарамыз, сол жерден иелері енді қоймаймыз деп кепілдік хат жазып, алып кете алады.

Ал Ақтау қаласындағы 15-ші шағын ауданның тұрғындары салынып жатқан құрылысты тоқтатуды талап етті. Айтуынша, үйдің ауласына кіру қиындап, жүретін жер қалмаған. Олар бұған дейін құзырлы органдарға шағымданған. Бірақ нәтиже болмапты. Құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

Роза Манасова, қала тұрғыны:

Біріншіден жер Тимур Сүлейманов деген жеке тұлғаға берілген. Оның астында коммуникация желісі бар, орта қысымдық газ құбыры бар. Салынып жатқан 650 шаршы метрлік аялдама заңсыз екен. Өйткені аялдмаға тек 70 шаршы метр жер бөлінген.

Ақтау қалалық әкімдігінің мәліметінше, аталған аялдаманың жері осыдан 2 жыл бұрын жер комиссиясының шешімімен кәсіпкерге беріліп кеткен. Бірақ қазір аумақты сот арқылы мемлекетке кері қайтару жұмысы жүргізілуде. Себебі жер учаскесінің заңсыз берілгені анықталған.

Бегалы Қожахметов, Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

Тексеру барысында бірнеше заңсыздық анықталып, 2024 жылы желтоқсан айында берілген қаулы өз күшін жойды. Қазіргі уақытта аталған жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда.

Маңғыстау облыстық жер ресурстарын басқару департаменті де құрылыстың заңсыз екенін растады. Кәсіпкер ортақ қолданыстағы, тұрғындар жүріп-тұратын аумақты иемденіп алған. Сондықтан жерді мемлекетке қайтару жөнінде сотқа шағым жолданды.

Жақсыбек Кемал
Аягөз Оралбайқызы


Бөлісу