«Жомарт» кенішіндегі апатқа қатысты тергеу жұмыстары тиянақты әрі жедел жүргізілуі тиіс. Бұл мәселе Президенттің бақылауында».
Апат аумағына барған Премьер-министрдің орынбасары, үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев осылай деп мәлімдеді.
Жандос Бақытұлы, тілші:
Біз қазір апат болған «Жомарт» кенішінде тұрмыз. Түске дейін мұнда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия келіп, жағдайды бағамдап, құтқарушылармен тілдесті, жиын өткізді. Қанат Бозымбаев тергеп-тексеру жұмыстарын жедел әрі тыңғылықты жүргізу қажеттігін және келешекте мұндай апаттарға жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қолға алу қажеттігін баса айтты. Қазір үкіметтік комиссия Жезқазған қаласына аттанды.
Қанат Бозымбаев, Премьер-министрдің орынбасары, Үкіметтік комиссияның төрағасы:
Қазіргі біздің мақсатымыз - тексеру жұмыстарын тиянақты әрі сапалы жүргізу. Мұны Мемлекет басшысы тапсырып отыр. Құқық қорғаушылар тарапынан тиісті сараптамалар жүргізілуі тиіс, ал өндірістік қауіпсіздіктің сақталуы бойынша еңбек инспекторларын тарта отырып тергеу жүргізіледі. Соның нәтижесі бойынша нақты шешім қабылдайтын боламыз.
Жалпы кеніш туралы айтсақ, 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Дәл апат болған сәтте нақты қанша кеншінің жер астында жұмыс істегені әзір белгісіз. Қаза болған 7 адамның кім екені нақтыланды, мамандар сот сараптамасына кіріскен. Ал құтқару жұмыстарына 85 адам 17 техника мен кинологтар тартылған. Негізі бұл жер облыс орталығынан 200 шақырымдай қашықта. Стратегиялық нысанға өткізу бекетінен әрі қарай кіруге рұқсат жоқ. Біз кешкі жаңалықтарда тарқатып айтатын боламыз.
Жандос Бақытұлы
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Қ.Бозымбаев: Тергеу жұмыстары тиянақты әрі жедел жүргізілуі тиіс&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/206994/)