Ел аумағында халықаралық әуе хабын құру үшін алты әуежай бекітілді. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, орталықтағы Қарағанды әуежайы мен батыс өңіріндегі Ақтау және Ақтөбе қалаларының әуежайлары таңдап алынды. Көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиева осылай дейді. Енді 5 кезеңнен тұратын жұмыс жүргізіледі.
Маманның айтуынша, бірінші кезекте ұшу-қону жолақтары жөнделіп, жаңартылады. Содан соң халықаралық жүк тасымалдау үшін қосымша қоймалар мен терминалдар салынады. Арнайы экономикалық аймақ құрылып, барлық жұмыс бір базаға тіркеледі. Қазір цифрландыру аясында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр дейді. Ал жүк тасымалы үшін қосалқы әуе отынын Ресейден бөлек Қытай елінен әкелу жоспарда бар деп отыр маман.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
Жалпы, қаражат есебі отандық та, шетелдік те болады. Қазіргі таңда отандық инвесторлар есебінен Қарағанды, Шымкент әуежайлары одан әрі дамиды. Қалған 4 әуежай шетелдік инвесторлар есебімен дамымақ. Мәселен, қазір Ақтөбе қаласы әуежайына ғана инвестор бекітілмеді. Қалғандарына да шетелдік инвесторлар болады.
Айдана Қуантхан
