Еуропа елдерінде аутизм диагнозы қойылған балалар инклюзивті білім беру бағдарламасына сәйкес жалпы білім беретін мектептерде оқи алады. Дегенмен ата аналар баласының толыққанды өмірге бейімделуі үшін аутист балаларға арналған орталықтарға бергенді қалайды. Балғындар мектептерге арнайы автобуспен немесе таксимен жеткізіледі. Шығын мемлекет есебінен өтеледі. Сондай-ақ балаларды үйде оқыту мүмкіндігі де қарастырылған. Ата-анасы жұмыстан келгенше баланың білімі мен тәрбиесіне әлеуметтік қызметкер жауапты. Еуропада аутизмге шалдыққан балғындарға медициналық, әлеуметтік көмек тегін. Мүгедектігі үшін жәрдемақыдан бөлек үкіметтен бірнеше өтемақы төленеді. Олардың білім алуын, жұмысқа орналасуын Autism Europe ұйымы қадағалайды. Құрамына 30 мемлекеттің 80-нен астам қауымдастығы кіретін мекеме аутизмге шалдыққан адамдардың құқын қорғайды.
Николас Летайз, аутизм орталығының директоры:
Бізде психолог, арнайы ұстаздар, эрготерапевт, логопед, әлеуметтік қызметкер осы мамандардың барлығы бірігіп, аутист балаларды өмірге бейімдеуге бар күш-жігерін салуда. Ата-аналар жалғыз емес. Біз үкіметпен бірігіп отбасыларға барлық көмекті көрсетіп отырмыз. Нәтиже жаман емес, мектептен кейін, жоғарғы білім алып, жұмысқа орналасып жатқан түлектеріміз көп.
Нұрсұлу Қасым
