Екібастұздағы сауда орталығында болған апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы сауда орталығында болған апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

17.02.2025

Екібастұздағы «Maxi Mall» сауда, ойын-сауық орталығындағы апатқа қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Зардап шеккен алты адам жеңіл жарақат алған. Жағдайлары жақсы. Ойын-сауық орталығына қатысты соңғы ақпаратты тілшіміз Болат Аманбаев жеткізеді.

Болат Аманбаев, тілші:

Ғимараттың ішіндегі төбе құлап түскен аумақ осы жер. Шамамен 150 шаршы метр жердің жабындысы опырылып, ортасына түскен. Қазір сауда орталығы жабық, ешкімге кіруге рұқсат жоқ. Оқиға орнында ТЖ қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Аспалы төбенің неліктен опырылып кеткені жайлы кәсіби маманнан білсек.

Аспалы төбе құлаған кезде осы алаңда адамдар көп болған. Бірақ бәрі аман. Себебі бірден опырылып кетпей, бірте-бірте сынып түскен. Бастапқыда апаттан зардап шеккен бес адам, одан кейін түнде тағы бір жеткіншек ауруханаға өздері барып жүгінген. Дәрігерлік көмек көрсетілген соң олар үйлеріне қайтарылды.

«Maxi Mall» сауда орталығы – төрт қабатты, аумағы 28 мың шаршы метр. Бұнда бірнеше дәмхана, мейрамхана, банк филиалы, кинотеатр, супермаркет, балалардың ойын алаңы және ондаған дүңгіршек бар. Олардың қашан жұмысын бастайтыны комиссияның қорытындысынан кейін белгілі болады. Уақытша жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлерге өтемақы төленеді ме, олардың шығыны қалай өтеледі, тіпті сауда орталығының қашанға дейін жабық тұратыны да әзірге белгісіз. Сауда, ойын-сауық орталығы 2007 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Екі жыл бұрын киім сататын дүкенде өрт шыққан. Ғимаратқа қатысты басқа шағым болмапты.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу