Семейдің Суықбастау кентіндегі аспалы көпір құлаудың аз-ақ алдында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдің Суықбастау кентіндегі аспалы көпір құлаудың аз-ақ алдында тұр

17.02.2025

Семейдегі Суықбастау кентіндегі аспалы көпір апатты жағдайда. Тұрғындар көктемгі тасқынға шыдас бермейді деп алаңдаулы. Жаяу жүргіншінің өткелі қала мен саяжай арасын жалғайтын жалғыз жол. Онда жазда 200-дің үстінде халық тұрады. Қыстайтындар да аз емес. Бірақ әрең тұрған аспалы көпір үзіліп кете ме деп үйін тастап кетіп қалғандар да қаншама.

Ержан Жақып, тілші:

Әбден тозығы жеткен аспалы көпірдің қазір темір арқандары созылып, үзілуге шақ қалған. Салынғалы мардымды жөндеу көрмеген. Сондықтан тұрғындар кез келген уақытта өткел құлап, қаламен қатынассыз қаламыз ба деп үрейленіп отыр.

Анатолий Родичкин саяжай аумағында 25 жылдан бері тұрады. Қаламен қатынайтын жалғыз көпірдің жағдайын жақсы біледі. Айтуынша, аспалы өткелдің салынғанына 35 жыл өтсе де  күрделі жөндеу көрмеген. Зейнеткер көктемде тасқын құлатып кете ме деп қорыққандықтан күнде мұзды қолмен ойып, су арнасын кеңейтумен жүр.

Анатолий Родичкин, саяжай тұрғыны:

Ескірген соң созылып кетті. Қазір суға дейін жетіп тұр. Жөндеу керек қой. Қаржы керек. Тұрғындардың қолынан келмейтіні белгілі. Әкімшілікке сеніп отырмыз.

Қазір саяжайда 10-нан астам отбасы тұрып жатыр. Жақында өзенде су деңгейі көтеріліп, аспалы көпірден асып кеткен. Салдарынан салақтап әрең тұрған темір арқандарының кейбірі үзіліпті. Енді көктемде жағдай мүлдем ушығады дейді тұрғындар.

Икен Қараханова, саяжай тұрғыны:

Құлайды, құлайды! Шыдамайды ол. Сіз жаңа қалай жатқанын өзіңіз көрдіңіз. ТЖ мамандары эвакуация жасайық деп келді. Бір ай, екі айға эвакуация жасайды. Одан кейін не істейді? Тұрғындардың малы бар . Міне біз де бәрін тастап, жауып кеттік. Не істейміз?

Қала әкімдігіндегілер қауіп жоқ деп алаңсыз. Жазда өткелдің тақтайларын ауыстырып бергендерін айтты. Ал техникалық жағдайына толық сараптама жасалып, тексеруден өтпеген. Қашан толық жөнделетіндігі де белгісіз көрінеді.

Берік Нұрболатов, қала әкімінің төтенше жағдайлар бойынша кеңесшісінің міндетін атқарушы:

14 ақпан күні тиісті мамандармен бірге, бас инспектормен аспалы көпірдің үзілген жерлерін қалпына келтіру жүргізген болатынбыз. Енді нақты осы күнге деген жоспар жоқ. Мәселе біздің күнделікті күнтәртібімізде, назарымызда.

Көктемгі тасқынға төтеп беріп, көпір аман қалса екен деп тұрғындар тілеп отыр. Өйткені қалай дегенмен де мамандар қыс ішінде аспалы құрылғыны қалпына келтіруге ешқандай мүмкіндік жоқ екендігін айтқан.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу