Елімізде шопан мен бақташы тапшы. Тіпті кейбір шаруашылықтар қазір 300-400 мың теңге еңбекақыға малшы таппай отыр. Салдарынан мал басын азайтып, жауып жатқандар да бар. Сондықтан шаруалар бұл кәсіп иелеріне ерекше мәртебе беруді ұсынып отыр.
Сол даланы Байыс қойына толтыру үшін Жеңісбек Кәрібаев байыз таппай еңбек етіп жүр. Жасы 80-ге жетсе де, әлі таяғын тастамай келеді. Асыл тұқымды бұл қойдың басын 10 мыңға жеткізуге мақсат қойған. Алайда соңғы 3 жылда күрт азайтуға мәжбүр болады. Басты себеп - шопан жоқ.
Жеңісбек Кәрібаев, шаруашылық жетекшісі:
Мен бір кезде 8,5 мыңға жеткізгем, ал қазір 3 мыңмен ұстап отырмын. Тек малшы табылмайды. Үш жүз мыңнан төмен бізде еңбекақы жоқ.
Келген күннің өзінде көп тұрақтамайды. Көбісі қара жұмыс пен ауа райына төзбейді.
Олжас Керейхан, тілші:
Шопан болу оңай емес. Өйткені жаздың аптап ыстығы мен қазіргідей қыстың қысымшылығында аттан түспей мал бағуға екінің бірі шыдамайды. Сондықтан қожалық иелері шопандардың жағдайын жасап қана қоймай, кез келген талап-тілегін орындауға дайын. Өйткені мал баққанға бітеді.
Баққанға бітетінін жақсы түсінген Жұмабек Ақай отбасымен жеке шаруашылықтың сиырын жайып жүргеніне 13 жыл болған. Еңбекақысы да тұрақты. Ең тиімді тұсы өзінің малына да жем-шөп осы шаруашылық есебінен.
Жұмабек Ақай, бақташы:
Малдың пайдасын көріп отырмын. Ішінде өзімнің де меншікті малым бар. Жылқымды қосып өсіріп отырмын. Түнде туып қала ма деп 2-3 рет күзетеміз. Еңбекақымды алып тұрам. Ай сайын демалысы бар.
Қазақтың ақбас сиырын асырап отырған Дәулетбек Мықиянов жұмысшы мамандығы жылына орай шопан мен бақташыға арнайы мәртебе берілсе дейді.
Дәулетбек Мықиянов, шаруашылық жетекшісі:
Осы бақташыға ертерек зейнетақыға шығару керек пе, жоқ, әлде қосымша Үкімет жәрдемақы сияқты үстіне үстемеақы төлеу керек пе? Сондай бір ынталандыру қажет сияқты. Жалпы жұмысшы жетіспейді ғой.
Туындаған мәселені түре шешу әр шаруашылықтың өзіне байланысты. Бірақ шаруалар төрт түліктің соңында жүрген малшыға мемлекет те мүдделі болуын қалайды. Бір қызығы жалпы бұл салға қанша адам жетіспейтіні жөнінде нақты ақпарат жоқ.
Олжас Керейхан
