Елімізде жыл сайын 600-ден аса баладан қатерлі ісік анықталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жыл сайын 600-ден аса баладан қатерлі ісік анықталады

17.02.2025

Елімізде жыл сайын 600-ден аса баладан қатерлі ісік анықталады. Республика бойынша 5 мың бүлдіршін диспансерлік есепте тұр. Дәрігерлердің айтуынша, қазір балалар арасында лейкоз, яғни ақ қан қатерлі дерті көбейген. Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының» мамандары халықаралық қатерлі дертке шалдыққан балалар күніне орай бас қосып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

Ойын баласы Нұрисламның былтыр қайта-қайта дене қызуы көтерілген. Алты жасар бүлдіршіннің ата-анасы бірден дәрігерге қаратқан. Көп өтпей, ақ халаттылар қанның құрамынан қатерлі ісік анықтапты. Анасы уақыт жоғалтпай, бірден емдеуді бастап кеткенін айтады.

Әйгерім Берікбаева, Нұрисламның анасы:

Қан дұрыс емес болып, бірден санавиациямен Жамбыл облысының ауруханасынан осында жіберді. Алдында 71 күн жаттық. Одан кейін 1 ай. Тағы 1 ай қосты. Үйге демалыста барып тұрдық. Енді 4-рет келіп жатқан жайымыз бар.

Қазіргі таңда балалар арасындағы қатерлі ісіктің алдын алу мүмкін емес. Әлемде мұндай тәжірибе де, арнайы бағдарлама да жоқ. Десе де ерте диагностика жасау көп мәселені шешеді, дейді мамандар.

Гүлнәр Булабаева, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі:

Балаларда температура болуы мүмкін. Сүйек қақсап, тісі ауруы мүмкін. Егер тез жазылмаса, дәрігерлерге жүгініп, диагностика жасауға шақырамыз.

Донор, сүйек кемігін алмастыру және онкологиялық науқастарды оңалтудың мәселесі – күн тәртібінде. Балалар орталығында бас қосқан еліміздің жетекші мамандары лейкемия дерті дендеп тұрғанын айтады.

 Ләззат Манжуова, ҚР ДСМ штаттан тыс бас балалар онкогематологы:

Қан ауруы, лейкемия көбірек кездеседі. Одан кейін орталық жүйке жүйесінің онкологиялық аурулары тұр. Әртүрлі аурулар - лимфома, нейробластома, нефробластома сияқты балаларда кездесетін онкологиялық аурулар да бар.

Кешенді ем-домның арқасында қазір Нұрисламның жағдай жақсы. Бірер күнде ауруханадан шығады. Ауру ерте анықталса, бала кезінде онкологиялық дертке шалдыққандардың 70%-ы құлан таза айығып кетеді, дейді дәрігерлер.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу