Мектеп жасындағы балалар арасында Әлем чемпионы атанған Аятжан Əмірханов елге оралды. Ол Біріккен араб әмірліктерінің Фуджейра қаласында өткен Тхеквондодан Әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Жас спортшыны оның жанкүйерлері мен туыстары Астана әуежайынан ерекше ықыласпен күтіп алды.
14 жастағы Аятжан бұл спорт түрінен Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ баласы. Халықаралық жарыстан бұл жолы да құр қайтпады. 30 мемлекеттен 2500 спортшы қатысқан додада ақтық сынға өтіп, алтын иеленді.
Аятжан Әмірханов, тхэквондодан Әлем чемпионы:
Қазақ туы желбіреген кезде менің жүрегім өте қуанышты болып кетеді. Себебі өз елімді өте қатты жақсы көремін. Алдымда қанша жекпе-жек бар болғандықтан, жұмыс істей беремін. Әлі бәрі алда.
57 келі салмақта үздік атанған спортшы бұл жарысқа 2 ай дайындалған. Айтуынша, жеңіске жетуіне үздіксіз еңбек пен бапкерінің қолдауы себеп. 4 айынан бері тәрбиелеп келе жатқан атасының да үлесі зор.
Әмірхан Аманбаев, Аятжан Әмірхановтың атасы:
Өте риза болдық, жақсы өткізді әр кездесуін. Бірінші кездесуін Әзербайжан, екіншісінде Бахрейн, жартылай финалда Грузинмен, ал финалда көрші өзбек балуанмен шықты. Бәрінде жеңіске жетті. Алқа-билер бір ауыздан балама жеңіс берді. Қуаныштымыз.
Айта кетейік, «Fujairah Open 2025» турнирінен ел қоржынында мұнан өзге тағы 17 медаль бар. Отандық балуандар Нұрдаулет Қалдарбек, Ралиф Сазазов, Ерсұлтан Оразбекұлы, Жаншуақ Нәлібай да әлемдік додада топ жарды.
Аида Ахметбек
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Тхэквондодан Әлем чемпионы Аятжан Әмірханов елге оралды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/206885/)