Ақтөбеде саяжайларда тұратын халық саны 50 мыңнан асып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде саяжайларда тұратын халық саны 50 мыңнан асып кеткен

15.02.2025

Ақтөбе қаласындағы саяжайларда тұратын халық саны 50 мыңнан асып кеткен. Осылайша соңғы 15-20 жылда шаһар айналасы алып ауылға айналған. Ол аумақтарда әлеуметтік нысандарды былай қойғанда, жол да жоқ. Жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктері кіре алмайды. Ал суға тым жақын орналасқан жұрт көктем сайын тасқыннан қорқып, жандарын шүберекке түйіп отыруға мәжбүр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Саяжайлар негізінен өзен жағалауында, төменде орналасқан. Сондықтан суға кету қаупі өте жоғары. Тек өткен жылы тасқын кезінде ондаған баспана су астында қалды. 190 отбасы басқа жерге көшірілді.

Қар көп түсіп, Сазды мен Елек өзендерінің деңгейі көтерілген жылдары жағалаудағы мыңдаған тұрғыннан маза кетеді. Былтыр көктемде төменде орналасқан жүздеген саяжай учаскесі су астында қалды. Тұрғындар бұл жағдай тағы қайталана ма деп алаңдайды. Олардың онсыз да уайымдары жетерлік. Мәселен, аялдамаға дейін 20-30 минут жүріп баруға мәжбүр. Жолсыз, тар көшелермен такси келмейді, келсе де ақыны көп сұрайды. Одан бөлек, әлі күнге дейін от жағып, суды сырттан таситындары бар.

Қуанышбек Айекин, қала тұрғыны:

Көше тар, өрт сөндірушілер келе алмайды, бала ауырып қалса, жедел жәрдем де келе алмайды. Көшеміз өте тар. ЖТҚ жағын қарастырып берсе дейміз. Жарық та жоқ.

Саяжайларда негізінен ауылдан көшіп келгендер тұрады. Нұрлыбай Алланиязов мұнда 20 жыл бұрын қоныстанған. Пәтер алуға шамасы жетпегендіктен, шағындап үй салды. Қазір ауласында азын-аулақ құс пен ешкі ұстап, күнелтіп отыр. Ол баспанасын жеке тұрғын үй ретінде тіркеп берсе дейді.

Нұрлыбай Алланиязов, қала тұрғыны:

Саяжайдан басқа қайда барамыз? Басқа жерден алатын ақшамыз жоқ. Саяжайда жасап жатқандар көп қой. Әйтеуір жер орын болса, үй салып алады. Басқа қайдан алады оны? Қазір жердің өзі қымбат.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қала аумағында 2 600 гектар аумақты алып жатқан 29 470 саяжай учаскесі бар. Алайда қазір оның көбі бағбандық үшін қолданылмайды, тұрақты баспанаға айналған. Осы уақытқа дейін оның тек 3 200-ден астамына ғана жеке тұрғын үй ретінде құжат берілген.

Қолғанат Нұрсұлтан, қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

Жолы да рәсімделуі керек. Қазір бау-бақша ұжымдарында біле білсеңіз, жолдары тар. Ол жақта коммуникация өткізу тіпті қиын. Көлік жүретін жол да жоқ. Сол себепті халықпен бірге жұмыс  істейтін боламыз. Жолды кеңейту, линиялардың өтетін жолдарын және бас жоспарға сәйкес жұмыстарды атқарамыз.

Былтыр Ақтөбе қаласының бас жоспары бекітілді. Соған сәйкес, бау-бақша ұжымдарында орналасқан баспаналардың тең жартысына жеке тұрғын үй ретінде құжат беру көзделген. Алайда бұл бір-екі жыл ішінде бітетін жұмыс емес.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу