Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Маңызды нысан жоспар бойынша биыл пайдалануға беріледі. Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр бірқатар ауқымды жобамен танысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін бағамдады.
Газ-турбиналық жылу-электр орталығын Түркия елінің инвесторлары салып жатыр. Бүгінде 127 миллиард теңге жұмсалып, құрылыстың негізгі бөлігі аяқталуға жақын. Нысан пайдалануға берілсе, қаланы жылумен ғана емес, облыс халқын электр энергиясымен де қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Роман Скляр жылына 90 миллион дана кірпіш шығаратын зауыттың құрылыс алаңына барды. Жаңа кәсіпорын мамыр айында іске қосылады. Қазір Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды. Мәселен, былтыр тұрғындарға 3,5 мыңға жуық пәтер табысталды.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Былтыр Қызылорда облысында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жоғары өсуіне қол жеткізілді. Жергілікті атқарушы органдар өңдеуші өнеркәсіпте, құрылыс саласында тартылған инвестиция көлемі көрсеткіштері өсу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Облыстың қолда бар әлеуеті өте маңызды. Сондықтан өсу динамикасын сақтау қажет.
Әділбек Серікұлы
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Сыр елінде ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/206871/)