Былтыр 8 облыста 49 елдімекен таза ауызсумен қамтамасыз етілді. Биыл тағы 8 өңірде 380-ге жуық ауылға тіршілік нәрі жетеді. Қазір осы жобаға қаржы құю мәселесі қарастырылып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі суды үнемдеуге көңіл бөліп жатыр. Бұған не себеп? Әлде елімізде ішуге жарамды судың қоры азайып бара ма? Тілші материалында.
СҚО, Ақмола, Түркістан, Қарағанды, Жезғазған және Алматы облыстары. Биыл аталған өңірлердегі 380-ге жуық ауыл халқы таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек су жеткен елдімекендердегі ескірген құбырлар ауыстырылады.
Әрсен Жаханбаев, ҚР СРИМ су шаруашылығы комитетінің төрағасы:
Қаржы мәселесі жүзеге асырылған жағдайда біз 375 елдімекенді қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, 8 облыста. Биылғы жылы 23 жоба жоспарда бар. Оның ішіндегі тағы да сол 8 жобаны жүзеге асыру міндет болып отыр.
Сондай-ақ биылдан бастап ауызсуды үнемдеуге үлкен көңіл бөлінбек. Ол үшін Құрылыс және өнеркәсіп министрлігі арнайы методика әзірлеп жатыр. Қазірдің өзінде су тарату мекемелерінде судың көлемі мен электр қуатын реттейтін арнайы насостар жұмыс істеп тұр. Бұған не себеп, әлде елімізде ішуге жарамды жер асты суларының қоры азайып жатыр ма?
Әрсен Жаханбаев, ҚР СРИМ су шаруашылығы комитетінің төрағасы:
Біз неге жер асты суын пайдаланбаймыз? Егістікке, өнеркәсіп саласында. Біз оның кішкентай ғана мөлшерін пайдаланамыз. Негізгі қорын болашаққа сақтап отырмыз. Негізгі қор 40 млрд текше метр деп айтады. Оның зерттелген пайдалануға берілетін көлемі 15 млрд текше метр. Яғни, ауызсу тапшы болады деген мәселе туындап тұрған жоқ.
Министрлік өкілінің сөзінше, Қазақстанда 6 160 елдімекен бар. Бүгінде оның 5 454-і тіршілік нәрімен қамтылған. Ал қалған 706 елдімекенді алдағы бір-екі жылда толықтай ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Нұрсұлтан Тілектес
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Биыл 380-ге жуық елдімекен ауызсумен қамтылады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/206870/)