Украинадағы соғысты тоқтату – Мюнхен қауіпсіздік конференциясының басты тақырыбы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы соғысты тоқтату – Мюнхен қауіпсіздік конференциясының басты тақырыбы

14.02.2025

Германияда Мюнхен қауіпсіздік конференциясы өтіп жатыр. Жиында АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс президент Дональд Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі жоспарын жариялайды деген болжам бар. Сонымен қатар, Вэнс осы жиында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеспек. Конференцияға Ресей өкілдері шақырылмаған.

Форум қарсаңында Вэнс мәлімдеме жасап, Ресей соғысты тоқтатуға келіспесе, оған қарсы санкциялар күшейтіліп, тіпті әскери шара қолданылатынын ескертті. Және Трамптың орынбасары НАТО елдерін қорғанысқа көбірек шығындалуға шақырды.

Джей Ди Вэнс  АҚШ вице-президенті:

Әрине біз НАТО туралы сөйлестік. Атап айтқанда, президент Дональд Трамптың НАТО-ның қорғанысқа көбірек ресурстар жұмсайтынын көргісі келетіні жайында әңгімелестік. НАТО бас хатшысы Марк Рютте бұл мәселеде менімен келісетінін білемін. Құрама Штаттар өзінің Шығыс Азиядағы проблемаларына көбірек мән беру үшін НАТО-ның шығындарын Еуропа да көбірек көтеруге атсалысқанын қалайды.

Бұған дейін Трамп пен оның әкімшілігі бейбіт келіссөздерді Украинасыз өткізуді және Украинаны НАТО-ға қабылдамауды аңғартататын мәлімдемелер жасаған еді. Көп сыннан кейін Трамп алдағы келіссөздерде Киевке орын болатынын хабарлады.

Ал оның қорғаныс министрі Пит Хегсет Украинаны НАТО-ға алуға қатысты барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын айтты.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу