Астанада вокзалда болған жарылыстан тұрғындардың мүлкі зақымданған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада вокзалда болған жарылыстан тұрғындардың мүлкі зақымданған

14.02.2025

Өткен түні Астананың ескі теміржол вокзалында жарылыс болды. Дүмпудің қаттылығы сонша, жақын маңдағы үйлердің терезелері де сынып кеткен. «Қазақстан темір жолы» электр жабдықтары тиелген контейнердің жарылғанын айтты. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы жарылыс болған жерге барды.

Жарылыс шамамен түнгі сағат 00:25-те болған. Біздің түсірілім топ жеткен кезде құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатты. Аумақ қоршалған, ол жаққа өткізбеді.

Жарылыс орнында тазарту жұмыстары жүріп жатқанын байқадық. Құқық қорғау органдары жағдайды былай түсіндірді.

Мәлік Қайбар, Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары:

Жолаушылар мен жақын маңдағы тұрғындарға қауіп төнген жоқ. Аталған факті бойынша Көліктегі полиция департаментімен теміржол көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігін сақтамау бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Біз маңайды аралап, жағдаймен танысуға кірістік. Жолай жолыққан сол маңдағы тұрғын Вячеслав Москалюк жарықшақтардың біраз жерге ұшқанын айтты. Жол бастап бізді автотұраққа апарды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Жарылыстың қатты болғаны сонша,  теміржолдардан 500 метр қашықтықта тұрған көлік тұрағына ұсақ темірлер ұшып келген екен. Тіпті вагонның сыртқы қабатына ұқсайды, мынадай үлкен темірдің де ұшқанын көріп отырмыз. Тіпті осыдан тағы да 500 метр жерде тұрған үйлердің терезелері де сынған. Қазір барып көреміз. 

Бұл - теміржолға ең жақын орналасқан үйлердің бірі. Шытынаған терезенің 20-дан астам екенін санап шықтық.

Бұл аулаға төтенше жағдай кезінде бірінші болып жұмылдырылатын қызметтің бәрі түнде келген. Бірақ түннен бері әкімдіктен ешкім төбе көрсетпеді, деп шағымданды тұрғындар.

Татьяна Андрюнина, қала тұрғыны:

Қараңыздар, қарға әйнектің сынығы қадалып тұр. Басқарушы компания, әкімдіктен келіп, осындай ұсақ-түйектерді болсын реттей бермей ме? Балаларымыз арандап қалса, кім жауап береді? Түнде далада ұйықтағандай болдық. Төтенше жағдай кезінде неге бізге ешкім көмектеспейді?

Уәлихан Бейсенбинов, қала тұрғыны:

Негізгі кінәлі теміржол. Енді сот арқылы мәселені шешетін шығар. Жалпы, халық қарап отырмайды. Өзі істейді.

Қазір жарылыстың мән-жайы анықталып жатыр. Ал зақымданған мүліктерді қалпына келтіру кімге жүктелетіні әлі белгісіз. Тұрғындар осы сауалды қала билігіне жеткізуімізді сұрады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу