Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы бірқатар нысанды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы бірқатар нысанды аралады

14.02.2025

Мемлекет басшысы Астанадағы бірқатар нысанды аралады. Алдымен Президент Архивінің жаңа ғимаратына барды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен архив Алматыдан Астанаға көшірілген болатын. Бұл – ел тарихына қатысты құжаттар сақталатын орын ғана емес, білім және ғылыми-әдістемелік кешен ретінде қызмет көрсететін Орталық Азиядағы алғашқы архив болмақ. Президент Архивінде Қазақстанның 1918 жылдан бергі саяси тарихына қатысты құжаттардың мол қоры жинақталған.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде де болды. Мемлекет басшысына жаңғырту жұмыстарынан кейін бас ғимараттың көлемі 10 мың шаршы метрге ұлғайғанын баяндады. Соның нәтижесінде жаңа арнаулы аудиториялар ашуға мүмкіндік туды. Ауқымды іс-шаралар өткізетін 1100 орындық үлкен концерт залы пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек оқу корпусында академиялық музыкаға арналған камералық зал, дайындық студиялары, студенттер мен өзге де суретшілердің туындылары қойылатын көрме галереялары бар.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу