Жетісу облысы қант қызылшасы алқабын қысқартады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысы қант қызылшасы алқабын қысқартады

14.02.2025

Жетісу облысында биыл қант қызылшасының алқабы 1,5 мың гектарға қысқарады. Себебі былтыр 14 мың гектарға тәтті түбір сеуіп, аста-төк өнім алған шаруалар дақылды өткізе алмай қиналды. Өңірдегі қос қант зауытына ұзын-сонар кезекте апталап тұрып қалды. Өңірдегі шаруалар биыл 12 мың 200 гектарға ғана қант қызылшасын себеді. Стратегиялық дақыл шаруалар үшін тиімді-ақ. Алайда былтыр облыстағы екі қант зауытының мүмкіндіктері мен қуаты ескерілмей қалды. Оған Үкімет тапсырмасымен Жамбыл облысының да 100 мың тонна өнімі қосылды.

Нұрлан Әбілқасымов, шаруа қожалығының жетекшісі:

Көбірек пайда түсетін қант қызылшасы болып тұр. Соны ұлғайтсақ деп тұрмыз. Енді соны өткізу кезінде былтырғыдай кезек болып қалмаса екен дейміз. Кезек болмаса, көбірек өткізсек деген жоспарымыз бар.

Былтырғы кемшіліктер пысықталып, биыл әр аудан шаруалары екі қант зауытына өнімді белгіленген кестеге сай нақты кезек бойынша өткізетін болады. Облыс 550 мың тонна өнім алуды жоспарласа, оның 220 мың тоннасын Көксу, 330 мың тоннасын Ақсу зауыты қабылдамақ.

Нұрдәулет Кененбаев, Жетісу облыстық а/ш басқармасының басшысы: 

Завод өзінің графигін қояды. Бұл жергілікті ауданның әкімшілігі бар, облыс әкімдігі бар, сонымен келісілсе, ортақ график қойылады. Сол кезде кезек кептелісі де болмауы керек және де зауыт өзінің мүмкіндігіне қарай қабылдап, бүкіл өнімді қабылдап алса, сондай жоспарымыз бар.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу