Қазақстан мен Еуропалық Одақ өзара диалогты одан әрі нығайтуға және әртүрлі салада ынтымақты күшейтуге ниетті. Еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Брюссельде ЕуроОдақтың адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілімен, Еуропа сыртқы істер қызметінің өкілдерімен және Еуропалық парламент депутаттарымен кездесті. Басқосуда тараптар логистиканы, көлік маршруттарын жаңғырту, энергетика мен цифрландыру саласында тұрақты шешімдерді ілгерілету жайын талқылады. Қос тарап сирек кездесетін металдар, жасыл энергетика, «Транскаспий» халықаралық көлік дәлізін дамыту сынды стратегиялық маңызды салаларда өзара іс-қимылды тереңдетуге ниетті. Сондай-ақ сәуірде Самарқандта өтетін тұңғыш «Орталық Азия – ЕуроОдақ» саммитіне, мамырдағы Астана халықаралық форумына дайындықты пысықтады.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Нақты жүзеге асырылатын жоба ретінде ЕуроОдақтың Орталық Азиядағы цифрлық технологияны дамытуға бағытталған «Team Europe» бастамасын айтуға болады. Жобаға сәйкес еуропалық технология мен қаржыға Қазақстанның 300 ден астам ауылы интернетке қосылады. Еуропа тарапымен болашақта осы салада ынтымақты күшейтеміз.
Нұрсұлу Қасым
