Дональд Трамп: Путин мен Зеленский бейбітшілікті қалайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дональд Трамп: Путин мен Зеленский бейбітшілікті қалайды

13.02.2025

АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей және Украина президенттерімен телефон арқылы сөйлесуі - әлем бұқаралық ақпарат құралдарының назарында. Ақ үй басшысы Украинадағы қақтығысты реттеуге бағытталған келіссөз көп ұзамай басталатынын мәлімдеді. Кремль болса, екі ел басшыларының кездесуін ұйымдастыруға дайындықты бастап кетті. Ал еуропалық саясаткерлердің пікірінше, бұл процесті Украина мен Еуропаның қатысуынсыз өткізу мүмкін емес. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. АҚШ президентінің айтуынша, олар көп созбай соғысты тоқтату бойынша келіссөзді бастауға келіскен. Трамп сұхбат сәтті өткенін мәлімдеді. Осыдан кейін Америка лидері бірден Украина президенті Владимир Зеленскийге қоңырау шалған.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Менің ойымша, біз бейбітшілікке жету жолындамыз. Президент Путин де, президент Зеленский де бейбітшілікті қалайды. Менің де қалауым осы. Адамдардың өлімін тоқтатым келеді.

Ресей телеарналары Трамп пен Путин арасындағы телефон әңгімесін «тарихи оқиға» деп атады. Украина қақтығысын реттеуге бағытталған маңызды қадам деп мәлімдеді. Соңғы мәліметтерге сай, Кремль АҚШ-пен келіссөз өткізетін топты жасақтай бастаған.

Дмитрий Песков, Ресей президентінің баспасөз хатшысы:

Украина мәселесін реттеу тақырыбы да қозғалды. Президент Трамп соғыс қимылдарын тезірек тоқтатып, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды. Президент Путин өз тарапынан қақтығыстың түпкі себептерін жою қажеттігін айтты.

Украина президенті болса, Америка Құрама Штаттарымен мазмұнды келіссөз болғанын атап өтті.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Дипломатиялық, әскери және экономикалық мәселелерді талқыладық. Президент Трамп мені Путиннің не айтқанынан хабардар етті. Одақтастарымен бірлесіп, Американың Ресей мен Путинді бейбітшілікке қарай итермелеуге күші жетеді.

Трамп пен Путиннің әңгімелесуіне қатысты Еуропа саясаткерлері пікір білдірді. Франция астанасында кеше Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлері бас қосса, бүгін НАТО-ның қорғаныс министрлері Брюссельде кездесіп жатыр. Олар Украина мен Еуропасыз бөлек келіссөз өткізу мүмкін емес деп мәлімдеді.

Анналена Бербок, Германия сыртқы істер министрі:

Бейбітшілікке тек ортақ әрекетіміз арқылы қол жеткізе аламыз. Яғни Украина мен еуропалықтардың келіссөзге қатысуы маңызды.

Хосе Мануэль Альбарес, Испания сыртқы істер министрі:

Украинаның тағдырын Украинасыз, ал Еуропаның қауіпсіздігін Еуропасыз шешу мүмкін емес.

Брюссельдегі кездесуде АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсет Еуропа құрлықтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз жауапкершілігін түсуінуі тиіс деп мәлімдеді. Пентагон басшысы Дональд Трампты «ғаламшардағы үздік келіссөз жүргізуші» деп атап, Вашингтон үшін бейбітшілікке қол жеткізу маңызды деді. Ал Трамп Путинмен алғашқы кездесуін Сауд Арабиясында өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Арай Төлеген


Хабарламаларға жазылу