Қарағанды қаласында сәби саудасына қатысы бар деген күдікпен 6 адамның ісі сотта қаралып жатыр. Қылмыстық іс 1 жыл бойы тергелді. Көпбалалы ана 2022 және 2023 жылдары дүниеге перзент әкеліп, екеуін де баласыз отбасыларға табыстаған. Прокурордың сөзінше, бұған таныс медбике көмектескен. Және осы қызметі үшін балалардың туған анасы мен медицина қызметкері 3 миллион теңгеден ақша алған.
Сәуле Жылқыбаева, Ә.Бөкейхан ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры:
Балаларын асырауға шамасы келмеген соң жалғызбасты ана осындай қадамға барған. Сотталушылардың кінәсі балалардың биологиялық анасы мен медбикенің банк шоттарына аударылған ақша арқылы дәлелденді. Сонымен қатар қаржының бір бөлігі қолма-қол берілген.
Күдіктілердің қатарында бала асырап алған екі отбасының мүшелері де бар. Олар шақалақ үшін ешкім, ешқандай ақша төлеген жоқ, сондықтан кінәсізбіз дейді. Алайда қылмыстары дәлелденсе, күдіктілер 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот отырысы бір аптадан кейін қайта жалғасады.
Жандос Бақытұлы
