«Семей орманы» табиғи орман резерваты мамандары жыл басынан еңбекақыларын алмаған. Оған қоса былтырдан бастап қосылуы тиіс үстемақыдан да қағылып отыр. Әсіресе 100 мың теңгеге жетпейтін жалақыға жұмыс істеп жүрген орман өрт сөндірушілері, трактористер мен көлік жүргізушілері қарызға баттық, дейді.
Басшылықтан жалақысын даулап жүрген «Жаңасемей» орман шаруашылығының жұмысшылары. Дәл осындай жағдай «Семей орманы» табиғи резерватына қарасты өзге орман шаруашылықтарында да бар. Жаңа жылдан бері жалақының кешіккені былай тұрсын, өткен жылдың өзіне тиесілі ақшаны ала алмай жүрміз, дейді көпшілік.
Нуртен Шамшудинов, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі:
Біз 500 мың еңбекақы төле деп айтып отырған жоқпыз ғой. Өзімізге тиесіліні берсін деп отырмыз. Уәде береді. Орындамайды.
Аушан Халитова, еден жуушы:
Бізге айтқаны - қаңтардан бастап 100 пайыз аласыңдар деді. 300 мыңдай төленген жоқ қой. Біреуге 60, біреуге 52 мың қарыз болып қалып тұр.
Орманшылардың ауыр еңбегіне лайықты айлық алуын қамтамасыз ету жайын Семейде екі жыл бұрын болған алапат өрттен кейін Президенттің өзі арнайы тапсырма берген. Бірақ әлі күнге 80-90 мың теңгеге жұмыс істеп әрең жан бағып жүргендер аз емес.
Шалқар Жолдыбайұлы, көлік жүргізуші:
90 мыңға кім өмір сүре алады? Келген бетте үстемеақыны 80 пайызға көтереміз деді. Ол да жоқ. Мен жұмыс істегелі сегізінші айға кетті. Бала-шағаң бар деген сияқты.
Бүгінде «Семей орманы» 500-ден астам жұмысшыға жалақы бойынша берешек. Резерваттың арнайы шоты наурыз айында бірақ ашылады, дейді жауаптылар. Сондықтан мекеме уақытында салық органдары алдындағы қарызды да өтей алмағандықтан кедергі туған. Енді мәселені көктемге дейін созбай, жеделдетіп шешуге тырысамыз деп отыр.
Мақсат Елемесов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:
Біз қазір салық комитетімен мәселені талқылап жатырмыз. Осы аптаның аяғына дейін қаңтар айына қарызды толық өтейміз. Келесі аптада ақпан айына тиесілі айлығын береміз деп жоспарлап отырмыз.
Ал өткен жылдан бері орманшылардың жалақысына 85 пайыз үстеме қосылуы тиіс болған. Бірақ одан орманшылар үмітін үзетін сыңайлы. Өйткені жалақыға қосымша берілетін қаржы егер мекеменің табысы артып немесе бюджетінде артық қаржы болған жағдайда ғана төленетін көрінеді. Бірақ «Семей орманында» ондай кірістің жоқтығынан аталған үстеме беру де мүлдем тоқтатылған.
Ержан Жақып
