Азиада-2025: Қоржында 18 медаль бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азиада-2025: Қоржында 18 медаль бар

13.02.2025

Қысқы Азия ойындарында спортшыларымыз бүгін 3 медаль жеңіп алды. Біреуі - күміс, екеуі - қола. Жүлдегерлер қатарында мәнерлеп сырғанаушы мен биатлоншылар бар. Сондай-ақ хоккейден ерлер құрамасы Азиаданың финалына жолдама алды. Әйелдер құрамасы да жүлдеге үмітті. Ақ ойындардың жетінші күніне Қытайдағы әріптесім Асылбек Данияр шолу жасайды.

Асылбек Данияр, тілші:

Күннің алғашқы жүлдесін биатлоншылар сыйлады. Әйелдер арасындағы эстафетада Ұлттық құрама мәреге үшінші болып жетті. Алтын Қытайға, күміс Оңтүстік Корея спортшыларына бұйырды. Ерлер арасындағы эстафетада болса отандастарымыз мәреге екінші болып жетті. Осылайша биатлоннан жарыстар аяқталды. Атлеттеріміз 1 алтын мен 2 күміс және 1 қола жеңіп алды.

Хоккейден ерлер құрамасы Қытай спортшыларын жеңіп, Азиаданың алтынына таласуға мүмкіндік алды. Жартылай финалда қытай спортшыларын 3:1 есебімен жеңді. Қазақстандық спортшылар чемпиондық атақты қорғап қалуы үшін Жапония қарсы ойнайды.

Әділ Бекетаев, хоккейден Ұлттық құрама мүшесі:

Өткен матчта қарсыластарда басқаша ойнады, мүмкін сенімсіз болған шығар. Бүгін олардың қақпашысы жақсы ойнады. Олай болмағанда біз одан да көп шайба соғатын едік. Енді финалға дейін жақсылап тынығып, қалыпқа келу керек. Ертеңгі матч біз үшін маңызды. Қалай болса да, алтын медаль алуымыз керек.

Хоккейден әйелдер құрамасы Қытайды жеңіп, жүлдеге бір табан жақындады. Ертең Корея спортшыларымен соңғы кездесуін өткізеді.

Мәнерлер сырғанаудан жарыстар аяқталды. Ерлерден Михаил Шайдоров Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал оның тағы бір командаласы Диас Жиренбаев 8-орыннан көрінді. Әйелдер арасында еркін бағдарламадан соң Софья Самоделкина төртінші, София Фарафонова оныншы орынға ие болды.

Асылбек Данияр, тілші:

Сондай-ақ ертең кёрлингтен әйелдер құрамасы тұңғыш рет Азия ойындарының қола жүлдесіне таласады. Жарыстар біткен соң ертең кешке тоғызыншы қысқы Азия ойындарының жабылу рәсімі өтеді.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу