Бельгияда үнемдеуге қарсы жалпыұлттық шеру өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда үнемдеуге қарсы жалпыұлттық шеру өтіп жатыр

13.02.2025

Бельгияда билікке қарсы наразылық акциясы толастамай тұр. Қазір ел астанасы Брюссельде жалпыұлттық шеру өтіп жатыр. Халық жақында құрылған жаңа үкіметтің қатаң үнемдеу шарасына қарсылық білдіруде.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Бүгін Бельгияның әуе кеңістігі жабық. Елдің Брюссель, Шарлеруа, Льеж, Остенд қалаларының әуежайынан ешқандай ұшақ ұшып, қонып жатқан жоқ. Әуедиспетчерлер, әуежайдың қауіпсіздігіне, жүктерді тиеуге жауапты қызметкерлердің барлығы осы жерде наразылық акциясына қатысып жатыр. Бір ғана Брюссель әуежайынан 430 рейс тоқтап, 60 мың жолаушы жолынан қалған. «Мемлекетке осылай экономикалық шығын келтіру арқылы биліктегілердің назарын аудара аламыз» деген шерушілер жаңа үкіметтің бюджетті қысқарту реформасына қарсы.

Дуду Редуан, кәсіподақ ұйымының өкілі:

7 млрд, 13 млрд еуро үнемдейміз дейді үкімет. Біздің зейнетақымызды, жәрдемақымызды қысқарту арқылы үнемделмек. Сонда халық қалай күн көреді? Бұған жол бермейміз. Онсыз да жалақы мардымсыз.

Ева Хюнс, химия пәнінің мұғалімі:

Жаңа үкімет білгенін істеп жатыр. Онсыз да қымбатшылық қажытып жіберді. Енді кедейлердің саны одан сайын көбейеді. Бұл - нағыз қасірет.

Мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік сала, пошта мамандары, өрт сөндірушілер, әскерилер, жолаушылар тасумен айналысатын компания қызметкерлері - бәрі осы жерде. Бірқатар мектепте бүгін сабақ жоқ. Қоғамдық көлік тоқтағандықтан, тұрғындар жұмысқа жаяу, велосипедпен қатынауға мәжбүр. Кәсіподақ ұйымының өкілдері бүгінгі шеруге 60 мыңнан астам адам қатысады деп отыр. Ашулары қатты. Полиция қызметкерлері бейбіт түрде басталған шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласа ма деп көзді жасаурататын газды, су шашатын көліктерді дайындап отыр.

Нұрсұлу Қасым



Хабарламаларға жазылу