Маңғыстау облысында 280 дәрігердің орны бос тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында 280 дәрігердің орны бос тұр

13.02.2025

Маңғыстауда 280 дәрігер жетіспейді. Әсіресе Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында маман тапшы.

Аймаққа дәрігерлерді шақырып, тұрақтандыру үшін биыл жергілікті бюджет есебінен 50 қызметтік пәтер сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар ауылдық жерлерге келетін мамандарға 8,5 миллион, Жаңаөзен қаласына келетіндерге 5 миллион, ал Ақтау қаласында жұмыс істеуге ниетті дәрігерлерге 3 млн теңгеден біржолғы көмек беріледі. Қазірдің өзінде Жаңаөзенге интервенциялық кардиолог, нейрохирург, реаниматолог, реабилитолог сияқты бұрын болмаған 8 маман келген.

Ерлан Әшірбеков, Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

Павлодар облысы Баянауыл ауданынан арнайы шақыртумен келіп, Маңғыстау облысына оның ішінде Жаңаөзен қаласына жалпы медицина саласына үлес қосуға келіп отырмыз. Халқы жылы қарсы алды, осы аурухананың ішіндегі ұжым да жылы қарсы алды. 5 млн-дай қаржыландырып, үстемақы ретінде беріп отыр. Қызметтің пәтер бергенге дейін қазіргі жалдап тұрған пәтеріміздің ақысын төлеп тұр.

Жаңаөзенде маман тапшы болған соң, тұрғындар облыс орталығына жіберілетін. Салдарынан медициналық ұйымда 780 миллион теңге кредиторлық берешек жиналған. Сол қарыздан бүгінде құтылды. Дегенмен ауруханаға балалар кардиологы, невропотолог, гастроэнтеролог сияқты әлі де 20 шақты дәрігер қажет.

Марат Еділханов, Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

2023 жылы 16 мың науқас емдейтін болсақ, қазір 18-20 мыңға жуық науқас емдейміз. Ол дегеніміз - бұрынғы кететін кардиологиялық, нейрохирургиялық науқастарымыздың барлығы өз деңгейімізде Жаңаөзен қаласында емделіп жатыр. Қымбат операцияларды өз деңгейімізде жасай бастадық. Осылардың барлығын ескере отырып, біз кредиторлық берешегімізден құтылдық. 

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу