1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарға қатысты шектеу күшіне енді. Яғни 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынады. Мынадай автоматтардың ішінде де сергіткіш сусындар тұрмауы тиіс. Бірақ көріп тұрсыздар, заңсыздық тыйылған жоқ. Сондықтан бүгін арнайы эксперимент жасап көреміз.
Эксперимент жүргізу үшін 12 жасар Аймөлдірден көмек сұрадық. Жасырын түсірілімге құрал-сайманымыз сақадай сай. Аймөлдір мектебінің жанындағы 3 дүкенге кіріп, энергетикалық сусынның түр-түрін алып шықты. Құжатын сұраған ешкім жоқ. Сауда орындарында 21 жасқа толмағандарға сатылмайды деген белгіні де байқамадық. Соңғы 5 жылда зиянды тәтті сусынның саудасы 198 пайызға артқан. Бір Алматының өзінде күніне 50 мың банка ішіледі екен. Ең өкініштісі сол, энергетикке еліткеннің дені – жасөспірімдер. Бүгінде елімізде энергетикалық сусындардың 10-нан аса түрі кездеседі. Бәрінің құрамында қант көп. Сондықтан зиян сусынды тұтынатындар арасында қант диабеті өршіген, жүрек талмасы жиілеген.
Бақытжан Бимбетов, гастроэнтеролог, м.ғ.д., профессор:
Гастроэнтеролог-гепатологтың қабылдауына артық салмақпен, семіздікпен келеді. Бауырдағы май жиналу жағдайынан кейін болатын стеатогепатит және церроздармен жиі келеді. Осы жағдайлардың бірден бір себебі - осы энергетикалық сусындар. Жалпы, мен айтар едім, Қазақстанға кіргізудің керегі жоқ, жасқа қарамай.
Қазақстанға кіргізуге әзірге тыйым салынған жоқ. Бірақ Дания, Түркия, Норвегия, Исландия және АҚШ-тың бірқатар штаты зиянды сусыннан мүлдем бас тартқан. Ал бізде шектеу енгізілгенімен, заң бұзғандарға жаза қарастырылмаған. Демек құқық қорғау органдары тексергенімен, айыппұл сала алмайды, ешқашандай жауапкершілікке тарта алмайды. Бұл кереғар шектеуге депутаттар не дейді?
Ринат Заитов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Айыппұл бар емес па? Оның жазасы - темекі, табак заттарымен бірдей.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Заңды біз бекіттік, иә? Әрі қарай нақты айыппұл шығаратын ол депутаттар емес. Енді-енді күшіне ене бастады. Барлығы бірден болып кетпейді ғой.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Кодексте тиісті нормалар бар қазір. Ол екінші оқылымнан кейін күшіне енеді. Сол кезде балаларға энергетик сатуды тоқтатамыз.
Шектеу күшіне енгелі 2 айға жуықтады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске өзгертулер енді енгізіледі екен. Жаза болмаған соң, қалтаның қамын күйттеген сатушылар да заңды белден басып жатыр. Ал жас буын энергетикалық сусыннан өз бетінше тыйылмасы анық.
Ақниет Балтанова
