Алматыда 3 күнде 211 сауда дүңгіршегі бұзылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 3 күнде 211 сауда дүңгіршегі бұзылды

12.02.2025

Алматыда 3 күнде жол бойында заңсыз орналасқан 211 сауда дүңгіршегі бұзылды. Шаһарда кез келген жерде кәсіп жүргізуге қатаң тыйым салынған. Ал кәсіпкерлерге қала аумағынан 142 орын бекітілді. Коммерциялық орынды беру үшін арнайы аукцион өткізіледі, дейді әкімдік. Қала көркін бұзып, бос тұрған басқа ғимараттар қалай ретке келтіріледі? Алматылық әріптесім Айдана Қуантхан тарқатады.

Айдана қуантхан, тілші:

Қазір Сейфуллин-Ақан сері көшесінде орналасқан нан сататын сауда дүңшіршегінің іші тауардан босатылып, бұзылып жатыр. Заңсыз нысан жолдың қиылысында, жаяу жүргіншілер жолына тым жақын орналасқан. Ал кәсіпкер бұл дүңгершекті орналастыру үшін 5 млнға жуық қаржы құйдым деп отыр.

Мұратбек Жақыпов, кәсіпкер:

Салығын, бәрін төлеп жатырмыз. Есептеуіш әрқайсысында бар ғой. Коммуналдық қызметке өзіміз төлеп жүрдік. Бізде екі ауысым, мұна 4 адам ақшасыз қалайын деп тұр. Өзім қойып, адамдар жұмыс істесін деп беріп жатқаным ғой.

Айдана Қуантхан, тілші:

3 күнде шаһарда 210-нан аса заңсыз нысан сүрілді. Оның көпшілігі Абай даңғылында орналасқан. Тексеріс кезінде әкімдік көп нысанның өрт қауіпсіздігі мен тазалық сақталмағанын анықтапты. Сондай-ақ қаланың қақ ортасында ретсіз орналасып, шаһардың көркіне нұқсан келтіріп тұр дейді.

Бұл 75 жылдық тарихы бар бұрынғы – Түрксіб ауруханасы. Нысан сәулет ескерткіштерінің қатарына енген. Сыртқы келбеті мен жалпы құрылымын өзгертуге тыйым салынды. Көп жыл қараусыз қалған ғимараттың қазіргі күйі осы. Айналасы қоқысқа толы, есік-терезесі алынып, әйнектер шашылып жатыр. Енді әкімдік мамырдан бастап тарихи ғимараттың ішін жөндемек. Ал келер жылы балаларды оңалту ауруханасы болып ашылады, деп жоспарлап отыр.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу