Осыдан 10 шақты жыл бұрын мектептегі оқыту әдістемесінен шығарма мен мазмұндама жазу алынып тасталды. Соның салдары қазірдің өзінде байқала бастады. Бүгінгі балалар сауатты сөйлем құрап жаза алмайды. Екі сөздің басын қосып, еркін сөйлейтіндері некен-саяқ. Осылай деген ұстаздар оқушылардың болашағына алаңдаулы.
Ернұр Медет, тілші:
Иә, бүгінде дәл Қожадай ойланып, арманын ақ параққа түсіретін балалар жоқтың қасы. Бұрынғы менің ауылым, мен жазды қалай өткіздім деген сынды жеңіл тақырыптар оқушының ойланып, сауатты әрі жүйелі жазуына септігін тигізетін. Шығарма жаздырту міндеттемеден алынғалы көркемсөзге қабілетсіз, қиялға ерік бермейтін ұл-қыздар көбейген. Ал оның зияны ұшан-теңіз, дейді мамандар.
Самал Шәймерденова, жазушы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Бұл - тоқырау. Мектеп бағдарламасынан шығарма ғана емес, диктант та, мазмұндама да алынып кеткен. Жалпы, бала диктант жазу арқылы сауатты жазуға дағдыланады. Мазмұндама жазу арқылы баланың жады қалыптасады. Ал шығарма жазбаған баланың ой-өрісі, тіл байлығы дамымайды.
Қазіргі таңда білім бағдарламасында шығарманың орнын эссе алмастырған. Алайда ол шабыттан гөрі аргументке, ақпараттық көзқарас пен сыни пайымға негізделген. Ал бұған бала әлі дайын емес. Сондықтан эссе десе, оқушылардың есі шығатын көрінеді.
Самал Шәймерденова, жазушы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Ол үлкен және ауыр жанр. 2 сыныптан бастап балаға эссе жаздыру ақымақтық болады. Эссені мүлдем керек емес деп жатқан жоқпын. Эссе қазіргі заманда балаға талдау, талқылау, ой-тұжырым, пікір керек. Бірақ 9-сыныптан кейін эссе жазсақ, кеш емес, бәріне үлгереміз.
Ғалымдардың айтуынша, шығарма жеткіншекті жақынырақ тануға мүмкіндік береді. Ұяң оқушының ашылуына, әлеуметтік ортада өзін еркін сезінуіне ықпал ететін бірден-бір тетік.
Айгүл Әмірбекова, филология ғылымдарының кандидаты:
Жалпы, тіл білімінде когнитивті-психолингвистикалық зерттеу, тіл-танымдық зерттеулер бар. Біз сонда шығарманы алып, ол баланың бағыты қандай, постмодернистік жағдайда ма, әлде білімі қазіргі қоғамға сәйкес келмей жатыр ма, соны анықтауымызға болады.
Білім саласына жаны ашитын мамандар бұл мәселені бір емес, бірнеше рет көтерді. Әйтсе де жауаптылар шешімін өзгерткен жоқ. Айтар уәжі:
Сейфулла Смайылов, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім мазмұны институтының директоры:
Қазір біз мұғалімдерге таңдау береміз. Мұғалімнің өзінің шығармашылық деңгейіне байланысты, шеберлігіне қарай өзі таңдап алады. Сыныптың деңгейіне қарай тапсырманы өзі әзірлейді. Диктант жаза ма, эссе жаза ма, ол мұғалімнің құзырында.
Көпшілік дабыл қаққан соң мазмұндама мен диктант мектепке қайта оралды. Бірақ бұрынғыдай тұрақты түрде жазылмайды. Мұғалім қалауына қарай тоқсанына бір рет бұл шығармашылық жұмыстарды жасата алады. Бағдарламада бекітілмеген соң оқыту әдістемесінен әріге аса алмайтын ұстаз оған бас қатырмайды. Сәйкесінше еш нәтиже жоқ, деп күйінеді тіл мамандары.
Ернұр Медет
