Азиаданың 5-күні олжалы болды. Қоржынға екі алтын, бір күміс, бір қола түсті. Ал хоккейден ерлер құрамасы Қысқы Азия ойындарының жартылай финалына өтті. Жігіттер ширек финалда Гонконг құрамасын ірі есеппен жеңді. Сондай-ақ бүгін конькимен жүгіру спортынан жарыстар аяқталды. Қытайда жүрген әріптесім Асылбек Данияр бүгінгі ойындарға шолу жасайды.
Асылбек Данияр, тілші:
Бүгін Ябули қаласында қар жамылғысында өткен жарыстарда атлеттеріміздің бағы жанды. Қоржынға фристайл-акробатикадан алтын түсті. Бұл - тарихи жүлде. Медальді ерлер арасындағы синхронды секіруден Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов жеңіп алды. Олар Азия рекордын жаңартты. Ал әйелдер арасындағы дәл осы сында Аяна Жолдас пен Ардана Маханова үшінші орын алды.
Шерзод Хаширбаев, фристайл-акробатикадан Ұлттық құрама мүшесі:
Бәрі керемет. Бірінші секіруіміз ұқсамай қалды. Екіншісінде бапкерлеріміз бізге тапсырма берді. Барлығын жаттығуда қайталадық, бәрі жақсы болады. Біз соны қайталадық, осы нәтижеге жеттік.
Тағы бір алтынды биатлоннан ерлер арасындағы 10 шақырымдық спринтте олжаладық. Бас жүлдені Владислав Киреев, ал күмісті Вадим Куралес иеленді.
Владислав Киреев, биатлоннан Ұлттық құрама мүшесі:
Басты мақсат тек жоғары нәтиже көрсету болды. Бізде мұнда екі сайыс. Жекелей және командалық. Бүгін, міне, біз сәтті бастадық. Мен бәрін қатесіз орындадым десем болады. Жатып ату кезінде бір қателік жібердім. Ол кезде кенет жел тұрып, нысанаға көздеуге кедергі болды. Одан кейін тұрып атар кезде күн қарасып, көздеп атудан мүлт кетпедім.
Мұздағы биден Бойсангур Датиев пен Гаухар Наурызова келесі кезеңге өтті. Қазақстандық жұп ритмдік би сайысынан 55,02 ұпай жинап, уақытша 5-орынға тұрақтады. Ертең еркін бағдарламада жүлдегерлер анықталады. Сондай-ақ ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан жекелей сында Диас Жиренбаев пен Михаил Шайдоров қысқа бағдарламадан сәтті өтті.
Хоккейден ерлер құрамасы финалға бір табан жақын қалды. Олар ширек финалда Гонконг құрамасын 24:0 есебімен жеңді. Жартылай финалдағы қарсылас - Қытай құрамасы.
Асылбек Данияр
