«Мың бала» ұлттық олимпиадасына өтінім қабылдау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мың бала» ұлттық олимпиадасына өтінім қабылдау басталды

11.02.2025
«Мың бала» ұлттық олимпиадасына өтінім қабылдау басталды

Республикалық «Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды. Білім бәйгесіне тіркелу 10 наурызға дейін жалғасады. 6 жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан білім додасында биыл бірқатар өзгеріс бар. Енді онлайн тестілеу әділ өту үшін ұйымдастырушылар аудио тыңдалым арқылы оқушыны қадағалап отырады.

Абылайхан Қайроллаев, олимпиадалық даярлау бөлімінің басшысы:

1-кезеңде оқушылар математикалық сауат бойынша 40 сұрақтан тұратын тест тапсырады. 2-кезеңде математикалық сауат, тағы да қазақ тілі, ағылшын тілі және жаратылыстанудан тест тапсырады. Олимпиаданың 1-кезеңі сәуір айының 1-10, 2-кезеңі 26-28 аралығында өтеді, мамыр айында жеңімпаздарды анықтаймыз.

Олимпиадаға еліміздің барлық елдімекеніндегі 6-сынып оқушылары тегін қатыса алады. Тестілеу онлайн өтеді. 2 кезеңнен де сүрінбей өткен мың бала Республикамыздың дарынды балаларға арналған мектептерінде оқиды. Былтыр «Мың бала» олимпиадасына 83 мың оқушы қатысты. Оның мыңы жеңімпаз атанды. 5 жылда ауылдардан 5 мың жеңімпаз қалаға көшіп, еліміздің жетекші мектептерінде білім алып жатыр.

Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу