ШҚО-да қар көшкінін алдын ала анықтайтын құрылғы тауға орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да қар көшкінін алдын ала анықтайтын құрылғы тауға орнатылды

10.02.2025

Өскемендегі техникалық университеттің ғалымдары қар көшкінінен алдын-ала хабар беретін шағын станция жасап шығарды. Арнайы құрылғыларға орнатылған датчиктер ақпаратты бірден орталық диспетчерге түсіреді. Автоматтандырылған жүйе инженер-гидрологтраға үлкен көмек. Енді мамандар қардың қалыңдығын өлшеу үшін басын қатерге тігіп, биікке шықпайды. Шағын стансаның бірі жыл он екі ай туристер үзілмейтін, қар көшкіні ең көп түсетін Таулы Үлбі демалыс кешеніндегі шатқалға орнатылды.

Наталья Денисова, жоба авторы:

Мұнда негізгі станция орнатылды, ол метеодеректерді жинайды. Яғни желдің жылдамдығы мен бағытын, қысым мен температураны толықтай тіркейді.

Бұл құрылғылар көшкін қаупін 90% дейін дәлдікпен анықтайды. Ал алынған деректер GPS арқылы серверге жолданады. Ақпарат әр 15 минут сайын жаңартылады. Мамандар мұндай құрылғыларды облыстағы тағы үш таудың бөктеріне орнатпақ. Құтқарушылардың айтуынша, жасанды интеллектіге негізделген бұл қондырғының маңызы ерекше. Өйткені Шығыс Қазақстанда қар көшкіні түсетін 497 аумақ бар.

Телғат Нұрахмет, ШҚО «Қазселденқорғау» ММ басшысының міндетін атқарушы:

Бүгінгі күні бұл көп жеңілдік береді біздің мамандарға. Күнделікті қарау жеңілдетіледі. Нақтылы уақытта қардың қалыңдығы, ауаның температурасы және басқа да табиғи өзгерістер көрсетіліп отырады. Монитор да бақылаушылардың қолында болады.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу