Атырау облысы Индер ауданында ішімдіктен түбегейлі бас тартқан ауыл бар. Мұндағы дүкендерде алкогольдік өнім мүлдем сатылмайды. Соның арқасында соңғы екі жылда ешқандай қылмыс тіркелмеген. Берекесі мен бірлігі жарасқан ауылдың тіршілігімен әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт танысып қайтты.
Рамазан айында ауыз бекітіп, зиянды әдеттен тыйылатын ауылдықтар бұл үрдісті бүгінде жалғастырып келеді. 74 түтіні бар Құрылыс ауылының дүкендері ішімдік сатудан мүлдем бас тартқан. Одан табысым еш азайған жоқ, керісінше еселене түсті, дейді кәсіпкер.
Әсел Иманғалиева, дүкенші:
Арақ, темекі дегенді сатпаймыз. Тек қана тамақ. Ауылымыздың тыныш болуы арақ сатылмандықтан деп ойлаймын.
Арақтан бас тартқанның арқасында қазіргі таңда ауылдың берекесі артып отыр. Статистикаға сүйенсек Қазақстанда әрбір бесінші қылмыс мас күйде жасалады екен. Ал ауылдағылар тентек судан бас тартқалы соңғы жылдарда қылмыс түгілі бұзақылық оқиғасы да тіркелмеген.
Ғалымжан Жұмағалиев, Жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің бастығы:
Ауыл тұрғындары бір-бірімен сыпайы қарым-қатынаста. Полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өрескел құқықбұзушылықтар орын алып жатқан жоқ.
Мұнда той-томалақ та арақ-шарапсыз өтеді. Жиындарда ауыл үлкендері жастарға білген-түйгенін насихаттайды. Ұсақ-түйек кикілжіңдер ауыл ақсақалдарының алқасымен шешіледі.
Есенғали Бектұрсынов, Құрылыс ауылының тұрғыны:
Отырған жерде осы арақтың пайдасы жоқ екенін айтып отырамыз ғой. Жастарымыз да соны тыңдайды. Ұл-қыздарым мүлдем арақ ішпейді. Өзім арақ ішпегесін балаларды солай тәрбиелеймін.
Ауыл жастарының бастамасы қоғамдық тәртіптің сақталуына, үлкен-кіші арасындағы қазақы сыйластыққа игі ықпал еткен. Бастысы, жастар жағы салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа ден қоя бастаған.
Айгүл Қажығалиева, ардагер ұстаз:
Денсаулыққа зиянды іс-әрекеттерден, әсіресе арақ-шараптан балаларымызды қашық ұстауымыз керек. Бұл өскелең ұрпақтың салауатты өмір сүруіне ерекше ықпал етеді.
Ербол Бөкеев, Жарсуат ауылдық округінің әкімі:
Ауылымыз жалпы бұрыннан да тыныш. Ешқандай тәртіп бұзушылық жоқ. Сондай жақсы ауылмыз. Алдағы уақытта да осы бастама өз жалғасын табады деген сенімдемін.
Шалғайдағы алақандай ауыл тұрғындарының бүгінгі тірлігі көпке үлгі. Құрылыс ауылының бастамасын жергілікті билік ақсақалдар мен жастарды тарта отырып, басқа да округтерге таратуды жоспарлап отыр.
