Бүгін Ақордада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен ішкі саясат және идеология жұмысына қатысты республикалық кеңес өтті.
Онда Президент бастамаларын тиімді жүзеге асыру, этносаралық, конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлестіктермен және сарапшылар қауымдастығымен өзара байланыс мәселелері талқыланды. Ақпараттық және жастар саясатына қатысты, сондай-ақ басқа да мәселелер назардан тыс қалмады.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының бастамасымен маңызды саяси реформалардың іске асып жатқанына тоқталды. Мемлекеттің қазіргі саясаты «Заң мен тәртіп» қағидасы, «Таза Қазақстан» идеологиясын ілгерілетуге бағытталғанын да атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекеттік кеңесші ішкі саясат саласындағы жұмысты ұйымдастыруға байланысты ортақ ұстанымдар мен қағидаларды белгіледі. Саладағы негізгі басымдықтарды айқындап, осы жылдың басты тақырыптары мен күнтәртібіне назар аударды. Жиын соңында жауапты мемлекеттік органдарға ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету және қоғамдық келісімді нығайту үшін ішкі саясат саласындағы жұмысты жетілдіріп, оны проактивті режимде жүзеге асыру туралы нақты тапсырмалар берді.
Темірлан Нұрсолтанов