Қызылордада 81 балабақша жұмысын тоқтатуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қызылордада 81 балабақша жұмысын тоқтатуы мүмкін

Қызылордада 81 балабақша жұмысын тоқтатуы мүмкін

Қызылордада 81 жеке балабақша жұмысын тоқтатуы мүмкін. Осыған дейін мемлекеттік қаржыландыру аясында қызмет көрсетіп келген бөбекжайлар қаңтардан бастап бұл тізімнен тыс қалып отыр. Бірақ олар былтыр желтоқсан айында комиссияның оң шешімін алған. Ал облыстық білім басқармасы хаттамалардың күшін жойып, қайта тексеру жүргізбекші. Тілшіміз Әділбек Серікұлы мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Бұл – қала іргесіндегі Сабалақ саяжайындағы жалғыз балабақша. 5 мыңға жуық халық тұратын елді мекенге 40 орындық бөбекжайдың өзі аздық етеді. Ал тиісті талапқа сай жұмыс істеп келген шағын ұйымға қаңтарда қаржыландыру тоқтатылатыны туралы жоғарыдан хабар келген.

Майра Мирғалиқызы, балабақша құрылтайшысы:

Біздің құжаттарымыз сәйкес емес деп бір жарым айдан кейін бізге хабар келіп тұр ғой. Біздің құжатымызды өздері дұрыс қарамай қалған ба білмеймін ғой. Көп құжаттар жоғалған болып шықты. Егер де мен ертерек білсем мен қаңтар айында жұмысымды жалғастырмас едім. Өйткені менің қалтамда қаражат жоқ.

Гүлсәнем Әукенова, Сабалақ саяжайының тұрғыны:

Қанша халықтың өтінішімен ашқанбыз бұны. Жабылуына мен қарсымын. Қаржыландыру керек. Егер де жеке білім ошақтарын жапқылары келсе, алдымен мемлекеттік білім ошақтарын салып көрсетсін.

Бүгінде қала бойынша 81 жеке балабақша дәл осындай мәселеге тап болды. Осы кезге дейін мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеп келген бөбекжайлар соңғы уақытта тынымсыз тексерулерден әбден қажыған. Тіпті «орынсыз талаптар қойып, қысым көрсетіліп жатыр», - дейді тәуелсіз сарапшы.

Наталья Мишукова, Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының облыс бойынша филиал директоры:

Алдыңғы жылы бұлардың бәрін құзырлы органдар тексерген болатын. Прокурорлық тексеру болып, барлық балабақшалар өткен болатын. Қазіргі таңда тырнақтың астынан кір іздегендей болып жатыр.

Ал облыстық білім басқармасы бағдарламаға құжат қабылдаған бұрынғы комиссияның жұмысынан біраз кемшіліктер анықталды деп отыр. Сондықтан жеке балабақшаларды қайта зерделеп, заңдылығын жіті тексермекші.

Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:

Бұл конкурстық комиссияның шешімін қайта қарау жөнінде ұсыныс берілді. Балабақшалардың жұмысы тоқтатылмайды. Бірақ орын алған құжаттарындағы кемшіліктерді заңға сәйкестендіріп, қайтадан конкурс өткізіледі.

Жыл басынан бері сергелдеңге түскен балабақша құрылтайшылары мәселе оң шешілмесе жұмысын тоқтауға мәжбүр екендерін айтады. Ал 81 бөбекжайдағы 6 мың бала мен 1600 қызметкер сонда қайда бармақ?

Әділбек Серікұлы


Бөлісу