Қосымша құн салығы тағы пысықталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қосымша құн салығы тағы пысықталады

07.02.2025

Қосымша құн салығына қатысты ұсыныс тағы пысықталады. Бүгін Президент бизнес өкілдерімен кездесуі барысында үкіметке осындай тапсырма берді. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қалай десек те, қосылған құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуі тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет.

Үкіметтің ұсынысына қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Қоғам талқысына салудағы мақсат та осы еді. Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып, биыл нақты шешім қабылдануға тиіс деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Дегенмен бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуі тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу