Қазақстанның арнайы жасақтары – әлем үздіктерінің қатарында. Біріккен Араб Әмірлігінде өткен «SWAT Challenge» халықаралық сайысында жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздар елге абыроймен оралды. Ел намысын қорғаған батырларды кеше түнде әуежайда күштік құрылым басшылары мен туған-туыстары сән-салтанатпен қарсы алды.
Бұл жеңіс – тек сарбаздардың ғана емес бүкіл елдің мерейі. Суық күнге қарамастан, елорда әуежайында жауынгерлердің жақындары мен әріптестері оларды ыстық ықыласпен қарсы алды.
«SARDAR А» командасының мүшесі:
Арнайы мақсаттағы қызметкерлер арасында болғандықтан, барлығының дайындығы мықты. Мен 2 жылдан бері барып жатырмын, қарсыластарымыз былтырғыға қарағанда әлдеқайда мықтырақ. Сонда да қазақ елінің намысын жібермейік. Өзімізді жоғары деңгейде көрсете білдік.
Дубайдағы дүбірлі додаға биыл 80 елден 100-ден аса команда қатысты. Қазақстан атынан 12 ұжым бақ сынаған.
Жарыс қорытындысы бойынша Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» арнайы жасағы күміс жүлде иеленді. Сондай-ақ, Қазақстанның тағы төрт командасы үздік ондыққа енді.
«SSN AKTAU» командасының мүшесі:
Қазаққа қиын ештеңе жоқ. Айтады ғой, жігітті намыс өлтіреді. Сол намысқа тырысып, осы қазақ еліміз үшін, отбасы, туған-туыстарымыз үшін барынша тырыстық.
Тартысты бәсеке 5 күнге жалғасты. Биыл әлем біріншілігіне алғаш рет қазақ қыздары да қатысты. «Томирис» командасы біршама жігіттер командасын артта қалдырды.
«ТОМИРИС» командасының мүшесі
Бірінші рет әлемдік деңгейдегі жарысқа қатысып тұрмыз. Біздер өте жоғары деңгейде дайындалдық. Ұлдардың өзі өте алмай жатқан жаттығулардың бәрін біз бір қарқынмен өтіп шықтық деп айта аламын.
Осылайша қазақ жауынгерлері халықаралық сайыста кәсіби шеберлігі мен қайсар рухын көрсетіп, қарулы күштеріміздің жоғары әлеуетін әлемге таныта білді.
Шерхан Жамбылұлы
